БЭК аясында бәсекелестікті дамытудың Бірыңғай стратегиясы әзірленеді - апталық шолу
|
Еске салайық, ДМ-03 үдеткіш блогы және «Глонасс-М» үш ресейлік навигациялық ғарыш аппараты бар «Протон-М» зымыран-тасығышының биылғы 2 шілдеде Астана уақыты бойынша сағат 08.38-де «Байқоңыр» ғарыш айлағының №81 алаңынан жасалған ұшырылымы апатпен аяқталған болатын. ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінде растағандай, «Протон-М» зымыран-тасығышы ұшырылымнан кейін 10 секундтан соң жерге құлап, жарылды. Аталмыш ұшырылымның мақсаты орбитадағы «ГЛОНАСС» ресейлік тобын толықтыру еді. Алайда Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев Үкімет отырысында бұл жолғы Байқоңырдағы «Протонның» құлауы заңнамалық тұрғыда апатқа жатпайды деді. Агенттік басшысының түсіндіруінше, Қазақстан мен Ресей арасында жасалған келісімге орай, зымыран апаттары ретінде олардың Ресей Федерациясының жалға алған аумағынан тысқары жерлерге құлаған зымырандар саналады. «Ал бүгінгі жағдайда зымыран ұшырылған алаңның маңына құлады, заңнамалық тұрғыдан қарасақ, апат болған жоқ», дейді ол. Оның айтуынша, зымыран құлай салысымен гептил отыны жанған. «Мұндай жағдайда гептил отыны түгел жанып кетеді де, азот оксиді түзіледі. Жарылыстан соң пайда болған түтін үш бағытқа бөлініп, оның бірі - Қармақшыға, екіншісі - Қазалыға, үшіншісі Байқоңырға бағыт алған. Ал бұл уақытта жауған жаңбыр түтіннің біразының жойылуына септігін тигізді, осы жағынан алғанда жұртшылыққа қауіп деңгейі азайды деуге болады»,- дейді Т. Мұсабаев. Байқоңыр айлағында «Протон» зымыранының құлауына орай Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров жетекшілік ететін үкіметтік комиссия құрылғанын атап айтайық. Премьер-Министр Серік Ахметовтің тапсырмасына сәйкес үкіметтік комиссия Байқоңырдағы экологиялық жағдайды зерттейтін болады. «Орын алған оқиғаға байланысты Қоршаған ортаны қорғау министрінің басшылығындағы үкіметтік комиссия құруды тапсырамын. Ол ғарыш айлағындағы оқиғаның жалпы өңірдің, Қазақстан Республикасының жақын аумақтарының экологиялық ахуалына әсерін тексеруі тиіс», -деді С. Ахметов. Сонымен қатар Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов ІІМ қызметкерлері Байқоңыр жұртшылығы арасында Протон апатына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін атап өтті. «Біз Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесе отырып, қауіпсіздік шараларын қабылдайтын боламыз. Біріншіден, Байқоңырға басқа аудандардан келуге шектеу қойылады. Екіншіден, жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Айталық, жұрттың үйден шықпауын, есік-терезелерін жабық ұстауын, қорадан малын шығармауын қадағалаймыз. Дүкендер мен басқа да қоғамдық тамақтану орындарының ашылуына тыйым салынады. Біз осы бағытта жұмыстар істеп жатырмыз», -деді министр. Гептил отынының зияндылығы жайында айтпаса да белгілі. Абырой болғанда Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, Қызылорда облысы аумағындағы Байқоңыр ғарыш айлағы ауқымында ауада жарылып кеткен «Протон» қалдықтары түскен жердегі санитарлық ахуал нормаға сәйкес. Апаттан кейін санитарлық қызмет өкілдері бірден оқиға болған жерге мейілінше жақын елді мекендердің тізімін жасады. Олар: Төретам, Ақай, Жосалы кенттері мен Байқоңыр қаласы. Аталмыш елді мекендер бойынша жүргізілген санитарлық мониторинг нәтижесі оларда улы заттардың нормадан артық тарамағанын көрсеткен. Қазіргі таңда Ресей жағы полигон аумағындағы улы заттарды жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ол толық аяқталғанға дейін су қабаттарындағы су құрамының сапасы және төтенше оқиға орын алған жердегі ауа тексеріліп тұрады. Яғни бұл апаттың салдары, ең бастысы, халыққа және елдің экологиялық ахуалына ауыр зардаптарын келтірмеуін тілейміз. Осы орайда зымыран-тасығышының апатына байланысты қозғалған қылмыстық істің нәтижесі кінәлілерге лайықты жазасын береді деген үміттеміз. Астанада Еуразиялық бәсеке желісін құру көзделеді Бұл аптада өткен Министрлер кабинетінің отырысында Үкіметтің басты назары тауар нарықтарында бәсекелестікті қорғау жүйесін жетілдіру мәселелеріне арналды. Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Болатбек Қуандықов баяндама барысында интеграциялық үдерістердің күшеюуіне байланысты монополияға қарсы заңнаманың бұзылуын болдырмау үшін халықаралық ынтымақтастықты нығайту арқылы монополияға қарсы реттеуді жаңа деңгейге көтеруді ұсынады. Бұл ретте ТМД елдерінің Монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекетаралық кеңесіне және Халықаралық бәсеке желісіне мүшелік ету көзделеді. «Бұдан бөлек, Басқармасы мен Хатшылығын Астана қаласында орналастыра отырып, Еуразиялық бәсеке желісін құру қарастырылады. Аталған бастама бұған дейін 6-шы Астана экономикалық форумының шеңберінде де талқыланған болатын. Бұны басқа елдерден келген әріптестеріміз де қолдады», - деді Б. Қуандықов. Оның сөзіне қарағанда, бірлестіктің басты міндеттері аясында қатысушы елдердің монополияға қарсы органдарының келісілген іс-әрекеттерін ұйымдастыру, сондай-ақ тауар нарықтарына талдау жүргізу әдіснамасын әзірлеу қарастырылады. Озық халықаралық тәжірибе негізінде өңірдің монополияға қарсы қызметтерін жетілдіру көзделеді. Нәтижесінде тең құқылы және өзара пайдалы ынтымақтастық дами түседі деп болжанып отыр. Бұдан бөлек, агенттік басшысы мемлекеттік органдар ведомствоға тәуелді ұйымдарды бәсекелестік ортаға беруге асықпай отырғандығын ескертіп өтті. «Қолданыстағы «Бәсекелестік туралы» заңға сәйкес, одан арғы қызметінен бас тартылған мемлекеттің қатысуындағы кәсіпорын ұйымдары жекешеленуі немесе мемлекеттік мекемеге қайта ұйымдастырылуы қажет болатын. Алайда, бұған қарамастан мемлекеттік органдар ведомствоға тәуелді ұйымдарды бәсекелестік ортаға өткізуге асықпай отыр. Қазіргі таңда бас тартылған 440 кәсіпорынның 226-сы әлі күнге бәсекелестік ортаға берілмей келеді», - дейді Б. Қуандықов. Атап айтқанда, бұндай олқылық негізінен мемлекеттік сатып алу туралы заң нормасының кемшілігінен орын алып отыр. «Онда 100 пайыз мемлекеттік кәсіпорындардың сатып алуларды бір көзден жүзеге асыру бар», - дейді агенттік төрағасы. Оның айтуынша, монополияға қарсы органның бас тартуына қарамастан мемлекеттік кәсіпорындар қызметтерін жалғастырып, мемлекеттік тапсырыс алып келеді. «Туындаған мәселеге қатысты қатаң шара қолданылуы тиіс. Сондықтан да, мемлекеттік тапсырыстан бас тартылған кәсіпорынның нарықта қала беруіне жол беретін Үкіметтің қаулысы жойылуы тиіс деп санаймыз», - деді Б. Қуандықов. Сонымен қатар Бәсекелестікті қорғау агенттігі төрағасының айтуынша, Қазақстан нарығына еркін енгеннен соң ірі шетелдік компаниялар тарапынан бәсекеге қарсы әрекеттер, картельдік келісімдер мен адал емес іс-тәжірибелер көрініс беруі әбден мүмкін. Ондай құбылыстардың жағымсыз салдары да болуы ықтимал. «Ал мұндай жағдайда еліміздің монополияға қарсы органы бақылау жасау құзыретіне ие емес екенін еске салғым келеді. Сондықтан да картельдермен, сатып алуларды жүзеге асыру барысындағы сауда мәмілелерімен күресті күшейту керек деп есептейміз. Бұл үшін Бәсекелестікті қорғау агенттігіне мемлекеттік сатып алу, сауда-саттық, аукциондар рәсімін бақылауды жүзеге асыру функцияларын беру мәселесі шешімін тапса игі еді», - дейді ол. Мұнымен қоса Үкімет отырысында белгілі болғандай, Бірыңғай экономикалық кеңістік елдерінің бәсекелестікті дамыту жөніндегі Бірыңғай стратегиясы әзірленуі мүмкін. Агенттік төрағасының сөзінше, Еуразиялық экономикалық кеңістікке қарасты Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу министрлігінің монополияға қарсы органдарының үйлестіру кеңесін құру көзделуде. Бұл «3+1» форматында Бірыңғай экономикалық кеңістікке (БЭК) қатысушы елдер мен Кеден одағы аясында өрбиді. «Сонымен қатар, аталған кеңестің жұмысы шеңберінде БЭК елдерінің бәсекелестікті дамыту жөніндегі Бірыңғай стратегиясын әзірлеу жоспарланады. Ол тауар нарықтарының бәсекеге қабілеттілігін жақсарту бойынша мемлекет қабылдайтын шаралардың тиімділігін арттыруға жәрдемдесетін болады», - дейді Б. Қуандықов. Оның сөзіне қарағанда, аталмыш стратегия алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибені ескереді және бәсекелестіктің басты қағидаттарын негізге ала отырып, тауар нарықтарында бәсекеге қабілеттілікті дамыту бағдарламаларын әзірлеу үшін стандарттарға арқау болады. Бұдан бөлек, стратегияда экономиканың негізгі салаларында монополиялану деңгейін және өңірлік бәсекелестіктің қарқындылығын көрсететін индикаторлар қамтылады. |