БЭК аясындағы мемлекетүстілік құрылым мақсатқа емес, құралға жақын - саясаттанушы А.Коуэн

Бүгін Астанада өтіп жатқан Еуразия медиа форумы барысында «Херитедж Фаундейшн» өкілі, саясаттанушы Ариэль Коуэн осындай пікір білдірді.
Бұл ретте модератор «Russia Today» департаментінің жетекшісі Оксана Деревянко: «Еуразиялық экономикалық одақ құру, оны бұдан әрі дамыту барысында үш елдің де ұлттық мүдделері сақтала ма?», - деп сұраған еді.
«Мен бұрынғы Кеңес Одағы аумағында осы тақілеттес ұйым құру туралы ниетті естігенімде екі-үш қанатты сөз есіме түседі. Біріншісі марқұм Черномырдиннің «Не жасауға тырыссаңыз да, бәрібір СОКП болып шығады» деген пікірі. Екіншісі Гегельге тиесілі: «Алдымен тезис, сосын антитезис, одан кейін синтез». Черномырдиннің сөзімен салыстырғанда, бұл сәтті шыққан нұсқа. Мәселен, тезис - бұл Ресей империясы, антитезис - Кеңес Одағының күйреуі мен тоқырауы, ал синтез осының барлығын ескеретін жақсы нәрсе. Үшінші мәселе Карл Маркс айтпақшы: «Тарих бірінші жолы трагедия, екінші рет фарс (ерсілеу әзіл) болып қайталанады». Ендеше, мен соңғысына тоқталғым келеді, дегенмен фарс болмас үшін бүлдірмеу керек», - деді А. Коуэн.
Бұл ретте сарапшы мемлекетүстілік құрылым құрылатынына тоқтала келе, өңірдегі ерекшеліктерді (мәселен, Қытай, Орталық Азиядағы радикалды діни ағымдар секілді - авт.) ескерген сайын соған қарсы ұйымның қажеттігі айқындала түсетінін, оның экономикалық құрылым бола алатынын да алға тартады. «Бұның барлығын ҰҚШҰ, АӨІСШК аясында да, Ресейдің үлкен геосаясаты аясында да қарастыруға болады. Былайша, айтқанда бұл мақсат емес, тек құрал ғана», - деді А. Коуэн.