БЭК бойынша үш мемлекет арасында 2012 жылға дейін 20 келісімшарт қабылданады - Ж. Айтжанова

қпанның 22-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бірыңғай экономикалық кеңістік бойынша Қазақстан, Ресей, Беларус мемлекеттері арасында 2012 жылға дейін 20 келісімшарт қабылданады.

БЭК бойынша үш мемлекет арасында 2012 жылға дейін 20 келісімшарт қабылданады - Ж. Айтжанова

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Кеден одағындағы салықты және кедендік әкімшілендіру туралы» тақырыпта өткен Үкімет сағатында ҚР Индустрия және сауда вице-министрі Жанар Айтжанова осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кеден одағына қатысушы үш Мемлекеттің басшылары өткен жылы Бірыңғай экономикалық кеңістіктің нормативтік құқықтық базасын 2012 жылдың 1-ші қаңтарына дейін қалыптастыру туралы шешім қабылдаған болатын. Осы шешімді жүзеге асыру үшін 20 келіссөзді екі кезеңмен әзірлеу жоспарланған. Бірінші кезең барысында 2011 жылғы шілденің 1-іне дейін 14 келісімді ратификациялау күтіледі. Екінші кезең бойынша 2012 жылғы қаңтардың 1-іне дейін қалған 6 келісімді ратификациялау жоспарланған», деді Ж. Айтжанова.

Оның айтуынша, аталған келісімдер бірнеше бағытты қамтиды. Мәселен, бұнда бірыңғай экономикалық саясатты, атап айтқанда бірыңғай макроэкономикалық саясат, бірыңғай бәсекелестікті қорғау саясатын және табиғи монополияларды реттеу жүйесін бірыңғай деңгейге келтіру шараларын көздейді. «Бұнымен қоса капиталдың емін-еркін қозғалысқа түсуі үшін бірыңғай инвестициялық және валютаны алмастыру жүйесін құру қарастырылып отыр. Сондай-ақ, бұл келісімдер үш мемлекеттің нарығы арасында қызмет көрсететін кәсіпорындардың емін-еркін жұмыс істеуі үшін жағдай қалыптастырады. Сонымен бірге, бұндай келісімдерде жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтитын шаралар да көзделеді», деді Ж. Айтжанова.