«Бекіре» акциясы барысында 2012 жылы 8 шетел браконьері ұсталды
АСТАНА. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат - "Бекіре" акциясы барысында 2012 жылы 8 шетел браконьері ұсталды.
Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында Балық шаруашылығы комитетінің бас сарапшысы Аян Бахиянов мәлім етті.
«Жайық-Каспий» бассейнінің акваториясында көктемгі және күзгі кезеңдерде бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашу уақытында олардың заңсыз аулауына тыйым салуға бағытталған кең ауқымды «Бекіре» балық қорғау акциясы жүргізілді. Шара барысында табиғат қорғау заңнамасын шетелдік азаматтармен бұзудың 3 оқиғасы анықталды», - деді бас сарапшы.
Оның атап өткеніндей, нәтижесінде 8 шетел браконьері ұсталған. Олардан жалпы салмағы 114 келі бекіре балығы, 800 метр ахан торлары, 3 «Байда» қайығы, «Ямаха» аспалы моторының 6 бірлігі тәркіленген. Браконьерлерге қарсы ұйымдастырылған аталмыш шараға 111 қызметкер, 14 өзенді патрульді катерлері, шағын көлемді кемелердің 29 бірлігі, автокөліктің 18 бірлігі тартылған. Күн сайын су айдындарын сүзу барысында 1100 дана заңсыз балық аулау құралдары алынады.