Бекіре контрабандасына қатысты қылмыстық істер қозғалып, оған байланысы бар құқық қорғау органдарының қызметкерлері тиісті жазасын алуы тиіс - Премьер-Министр

Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында депутаттардың сауалына жауап берген Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов осылай мәлім етті.
«Мен өткен аптада жұмыс сапарымен Атырау облысында болдым. Соған байланысты бекіре өндірісі бойынша тоқталғым келеді. Депутаттар қолдаған бекіре өндіруге мемлекеттік монополия енгізу туралы заң өте орынды жүзеге асты, бұл дұрыс қадам деп ойлаймын. Яғни, ендігі күні бізде бекіре өндірісінде мемлекеттік монополия болады. Екіншіден, өкінішке қарай соңғы жылдары бекіре контрабандасының төмендеу үдерісі білінбейді. Керісінше, оның көрсеткіштері өсуде. Бұған құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатыстары да бар болып отыр», деді К. Мәсімов.
Сонымен бірге Үкімет басшысы қолында дәл осы мәселелер жөнінде нақты фактілер бар екенін, оны прокуратураға тапсыратынын, сондай-ақ Мемлекет басшысына бұл бағытта мұқият, терең тексерулер жүргізу туралы өтініш жасайтынын мәлімдеді. «Бекіреге қатысты барлық контрабандамен айналысушылар ұсталып, осыны қорғаштайтын құқық қорғау органдары қызметкерлері жазасын алуы тиіс. Мен осы мәселеде қылмыстық іс қозғалу туралы өтініш жасайтын боламын», деді К. Мәсімов.