«Бекіре-2024»: Атырау облысында УАЗ көлігінен 89 келі бекіре тәркіленді

Балықшы
Фото: Polisia.kz

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында УАЗ көлігінен 89 келі бекіре тәркіленді.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «Бекіре-2024» балық қорғау акциясы аясында мұнай өңірден шығатын жол бақылауға алынған. 

«Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері 11 сәуір күні сағат 21:00 шамасында «Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы» бағытындағы жолда УАЗ көлігін тоқтатты. Күдік тудырған көліктің рульінде 44 жастағы жүргізуші болғаны анықталды. Тексеру кезінде көліктің жүк салғышынан 89 келі бекіре тұқымдас балық табылды. Заңсыз тасымалданған балық 4 қапқа салынған», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. 

Күдікті жедел-тергеу тобына тапсырылды. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдарын жүргізу басталды. 

Еске салла кетелік, бұдан бұрын Атырауда 1 сәуірден бері 425 келі бекіре, 2,5 келі қарауылдырық тәркіленгенін хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар