«Бекіре – 2025»: Атырауда акция басталғалы браконьерлерге 5,6 млн айыппұл салынды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарындағы су айдындарында «Бекіре – 2025» кеңауқымды балық қорғау акциясы өтіп жатыр.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған акция 31 мамырға дейін жалғасады.
— Инспекция инспекторлары Жайы-Каспий су айдыны бассейніндегі «Бекіре — 2025» кеңауқымды акция басталғалы бері құқық және табиғат қорғау органдарының қызметкерлерімен бірге заңдылықты бұзумен байланысты 329 деректі анықтады. Құқық бұзған 237 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Браконьерлікке, жойылып кету қаупі төнген балық түрлерін аулауға қатысты 8 қылмыстық іс қозғалды. Заң бұзушыларға 5,6 млн теңге айыппұл салынды, -деп хабарлады инспекцияның баспасөз қызметі.
Инспекторлар заңсыз айналыс айналымнан 1 тонна 556,4 келі балық тәркілеген. Оның ішінде бағалы бекіре тұқымдас 362,9 келі балық бар. Сондай-ақ 76 абалық аулау құралы мен 17 суда жүзетін көлік алынған.
— Күн сайын Каспий теңізінің акваториясы мен өзен сағаларында тексеру жүргізу қолға алынды. Тексерудің нәтижесімен су айдындарынан балық аулау үшін құрылған 186 заңсыз құрал табылды, — деп мәлім етті инспекцияның баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын еліміздің батысында «Бекіре — 2025» кеңауқымды балық қорғау акциясы басталғанын жазған болатынбыз.
Кейін Атырау тұрғынының көлігінен 1,5 келі бекіре уылдырығы тәркіленді.
Сондай-ақ 90 келіге жуық бекірені үйінде заңсыз сақтаған атыраулық 3 жылға сотталды.