Бектенов әлеуметтік қолдаудың жаңа жүйесі туралы: ауқатты адамдар өз күшіне сүйенуі тиіс
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік қолдаудың жаңа жүйесі толық көлемде іске қосылады.
Бұл туралы бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
— Бюджеттің шығыс бөлігіне тоқталсақ, мемлекеттік шығыстарды оңтайландыру жұмыстары жалғасып келеді. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мемлекеттік органдарға арналған әкімшілік ғимараттарды салуға мораторий жарияланды. Бұл бағытта айтарлықтай қомақты қаржыны қысқартуға мүмкін болды. Сонымен қатар, басқа да ауқымды шаралар да қолға алынды. Мәселен, бюджетке түзетулер енгізу арқылы 2026 жылға жоспарланған шығыстарды 360 млрд теңгеге қысқартып, босаған қаражатты басымдығы жоғары басқа мақсаттарға қайта бағыттадық. Алдағы кезеңге арналған бюджетті әзірлеу барысында жалпы сомасы 36,9 трлн теңге болатын қаржыландыруға өтінімдер түскенімен, 2027 жылға бекітілген шығыс көлемі 30,2 трлн теңге болды. Бұл ретте бюджетті қарау кезінде шығыс бөлігін 6,7 трлн теңгеге қысқарттық, — деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, бюджет шығыстарын қысқарту бағытында әлеуметтік саладағы шығындар назарға алынған.
— Қазіргі уақытта біз әлеуметтік саладағы қамтамасыз ету бағытында ірі реформаны жүзеге асырып жатырмыз. Бұл ретте, адамның санатына негізделген жүйеден қажеттілікке арналған жүйеге көшеміз. Бұл қағида келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап толықтай жұмыс істейді және қазіргі уақытта осыны кеңінен түсіндіріп жатырмыз. Мәселен, бүгінде ауқатты немесе табысы аз көпбалалы отбасылар мемлекеттен бірдей қолдау шараларын алып келеді. Біздіңше, мұндай қағида әділетсіз. Өздерін қамтамасыз ете алатын ауқатты, дәулетті адамдар мемлекеттік көмек алмауы тиіс, олар өз ресурстарына сүйенуі керек, — деді Үкімет басшысы.
Осы орайда ол мемлекет қазіргі жағдайына байланысты өз-өзін қамтамасыз ете алмайтын жандарға ғана қолдау көрсетуі тиіс екенін айтты. Дегенмен, мемлекеттік көмекті алатын адам осыны күнкөріс көзі ретінде қабылдамауы керек. Керісінше, бұл көмек аталған отбасыларға мұқтаж жандар санатынан шығуға септігін тигізетін демеуші құрал ретінде қарастырылады.
Үкімет басшысының сөзіне қарағанда, жаңа жүйе қомақты бюджет қаражатын үнемдеп, оларды маңыздырақ мақсаттарға бағыттауға мүмкіндік береді. Тек 2027 жылдың өзінде бұл сома 700 млрд теңге, ал үш жылдық кезеңде 2,5 трлн теңгеге жуық болады.
Бұған дейін келер жылы Қазақстан экономикасы қаншалықты өсуі мүмкін екенін жазған едік.