Бектенов, Әшімбаев және Қошанов соғыс жылдарында құрбан болғандарды еске алды
АСТАНА. KAZINFORM — Олжас Бектенов, Мәулен Әшімбаев және Ерлан Қошанов «Отан Ана» монументіне барып, соғыс жылдарында құрбан болғандарды еске алды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев және Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Жеңіс күніне орай Астанадағы «Отан Ана» монументіне гүл шоқтарын қойды.
Шараға қатысушылар соғыс жылдарында қаза тапқан қазақстандық майдангерлерді, тыл еңбеккерлерін және соғыс құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.
Жеңіс күні бейбіт өмірдің қадірін ұғындыратын, ұрпақтар сабақтастығы мен татулықты және ел тыныштығын сақтау жауапкершілігін жадымызда жаңғыртатын тарихтағы ең атаулы күндердің бірі болып қала береді.
Осыдан бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңіс күнімен құттықтағанын жазғанбыз.