Бектенов: Қант қызылшасын қабылдауда өнімнің бүлінуіне жол бермеу керек
АСТАНА. KAZINFORM — Келесі егіс науқанына қажетті көлемде сапалы тұқым қорын қалыптастыруға ерекше назар аудару қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
— Қазірден бастап 2027 жылғы ауыл шаруашылығы маусымын табысты өткізуге, оның ішінде оны қаржыландыруға тиісті негіз қалыптастыру қажет. Ауыл шаруашылығын ерте қаржыландыру тәжірибесі егіншілерді тиімді қолдау құралы екенін көрсетті. «Бәйтерек» холдингі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етсін, — деді Үкімет басшысы.
Премьер-министрдің айтуынша, келесі егіс науқанына қажетті көлемде сапалы тұқым қорын қалыптастыруға ерекше назар аудару қажет. Облыс әкімдіктері минералдық тыңайтқыштар енгізу, элиталық тұқымдардың үлесін арттыру және ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту бойынша индикативтік көрсеткіштерді қамтамасыз етуі тиіс.
— Қант қызылшасын қабылдау жұмыстарын ұйымдастыруға тиісті көңіл бөлу қажет. Жамбыл және Жетісу облыстарының әкімдіктері қант зауыттарының өнімді қабылдауға және өңдеуге толық дайын болуын, сондай-ақ қабылдау пункттерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге тиіс. Ұзын-сонар кезек пен жиналған өнімнің бүлінуіне жол бермеу өте маңызды. Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, егін орағының соңына дейін ахуалға тұрақты мониторинг жүргізіп, жұмыстардың уақтылы аяқталуын және жиналған өнімнің сақталуын қамтамасыз етсін. Туындайтын мәселелерді Үкімет жанындағы Жедел штаб шеңберінде дереу шешуді тапсырамын, — деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы егіншілерді заманауи су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандыру тәжірибесін жалғастыру қажеттігін айтты.