Бектеновтің Беларуське сапары: $100 млн-нан астам келісімшарт жасалды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Беларусь сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтіп, жалпы құны $100 млн-нан асатын келісімшарттарға қол қойды. Келісімдер өнеркәсіп кооперациясын дамытуға, автокөлік пен ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге бағытталған. Бұл турал Сауда және интеграция министрлігі мәлім етті.

Бектеновтің Беларуське сапары: $100 млн-нан астам келісімшарт жасалды
Фото: Үкімет\ЖИ

— Ресми сапар аясында сауда-экономикалық қатынастарды нығайту мәселелері талқыланды. 2025 жылы тауар айналымы шамамен $1,2 млрд-ты құрады. Биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша экспорт көлемі 35%-дан астам өсті. Премьер-министрдің сапары барысында жалпы сомасы $100 млн-нан асатын келісімшарттар жасалды. Олардың қатарында өнеркәсіп кооперациясы жобалары мен Беларусь Республикасына автокөлік жеткізу жөніндегі келісімдер бар. Жалпы, өнеркәсіп кооперациясына және агроөнеркәсіп өнімдерін жеткізуге баса назар аударылды,— деді сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Атап айтқанда, «Hyundai Trans Auto» ЖШС өндірген 790 коммерциялық автокөлікті 2027–2028 жылдары Беларусь еліндегі серіктесі — «Эр Си Эм» ЖШҚ компаниясына жеткізу туралы келісімшарт жасалды. Олардың жалпы құны кемінде $30 млн-ды құрайды. Қазақстандық автокөлік өндірушілерінің Беларусь нарығына экспорттауға расталған жиынтық әлеуеті жылына 4,5 мың автокөлікке дейін жетеді. Сондай-ақ қазақстандық сусындар мен өзге де өнімдерді жеткізу жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді.