Бекзат Саттарханов турнирінің жеңімпаздары анықталды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласында Сидней Олимпиадасының чемпионы, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Бекзат Саттархановты еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бекзат Саттарханов турнирінің жеңімпаздары анықталды

ҚР Бокс федерациясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, осымен 18-ші мәрте жалауы желбіреген халықаралық жарысқа Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан мемлекеттерінен келген ең таңдаулы боксшылар қатысты. Олар 11 салмақ санатында жүлделерді сарапқа салды.

46 келі салмақта маңғыстаулық Жарас Қомшабаев чемпион атанса, 49 келі салмақта Алматы облысының өкілі Дарын Құлжабаевқа тең келер ешкім болған жоқ. 52 келі салмақ дәрежесінде тараздық Алмаз Дүйсенқұл топ жарса, 56 келі салмақта жергілікті боксшы Асхат Тастанбектен ешкім айласын асыра алмады. Ал 60 келі салмақта шымкенттік Айдос Жаппаберген жеңіске жетсе, 64 келі салмақта Нұр-Сұлтан қаласынан барған Ермахан Өтеміске қарсылас шақ келмеді.

69 келі салмақта Алматы облысының тумасы Мәди Алтынбаевтің асығы алшысынан түссе, 75 келі салмақта батысқазақстандық Марат Қасаев жеңімпаз атанды. 81 келі салмақта түркістандық Бағдаулет Құрал жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінсе, 91 келі салмақта шымкенттік Бағдәулет Абдуллаевтың бағы жанды.

Ал аса ауыр салмақта сынға түскен боксшылар арасында шымкенттік Озодбек Ирисметовтің мерейі үстем болды.