Бельгияда аптап ыстық көрсеткіші рекордтық деңгейге жетеді
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Бельгияның Фландрия аймағында аптап ыстық болады деп болжанып отыр. Ауа температурасы 30°C-тан 35°C-қа дейін жетеді, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.
Ауа райы болжамына сәйкес, бүгін Бельгияда метеорологиялық бақылау басталғалы бері ең ыстық күн болмақ.
Жылы субтропикалық ауаның енуі нәтижесінде елде жоғары температура белгіленді.
Бельгияның басым бөлігінде адамдарды ауа райына байланысты сақ болуға шақыратын ескерту жарияланған.
Бельгияның оңтүстігінде тұрғындарға су ішуге, жеңіл киім киюге, салқын бөлмелерде болуға, адамдардың денсаулығын бақылауға, оңай сіңетін жеңіл тамақ жеуге, сонымен қатар терезелер мен есіктерді жабық ұстауға кеңес берілген.
Белгіленген ыстық жұма күні озон концентрациясының жоғарылауына әкелді.
Қоршаған ортаны қорғау агенттігінің мәліметінше, сенбіде ірі қалалық орталықтарда озон концентрациясы 160-190 микрограмм /м3 дейін жетуі мүмкін.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, озонның рұқсат етілген концентрациясы - 100 микрограмм /м3.