Бельгияда екі пойыздың соқтығысуы салдарынан улы заттар сыртқа төгіліп, төтенше жағдай жарияланды

Пойыздардың соқтығысуы Динан және Намюр қалаларын байланыстыратын бельгиялық Валлониядағы теміржол желісінде орын алған. Алдын ала мәліметтер бойынша, апат Намюр қаласының жанындағы Годин елді мекенінің стансасында болды. Мұнда тауарлық пойыздардың бірі екіншісінің соңғы вагонымен соқтығысып қалды. Бұл ретте бірнеше вагон рельстен шығып кетті.
Хабарланғандай, соқтығысқан пойыздардың бірі улы заттарды тасымалдап келе жатқан еді, соның салдарынан атмосфераға қоңыр түсті бұлт шықты. Куәгерлердің айтуларынша, жақын жерде орналасқан мектеп оқушылары мен елді мекен тұрғындары газдың тұтқыр иісін сезіне бастаған соң көшірілді.
Соқтығысу алдында пойыз кабинасынан секіріп кеткен машинистердің бірі жеңіл жарақаттар алды. Оқиғаның орын алу себептері анықталу үстінде.