Бельгияда теміржолшылар ереуілі салдарынан пойыздар қозғалысы тоқтап қалды
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Бельгияда теміржолшылардың наразылық білдіру шарасы салдарынан елде пойыздар қозғалысы тоқтап калды.
Бельгия теміржолшылар кәсіподағынан хабарлағандай, елде күн сайын қатынайтын 1000 пойыздың бүгін 50-ге жуығы ғана жолға шыққан. Сондай-ақ Брюссельмен Парижды, Амстердамды және Лондонды байланыстыратын «Талис» және «Евростар» жедел пойыздары да өз қозғалыстарын тоқтатты. Бұл жағдай елдегі негізгі автомобиль жолдарындағы қозғалысты күрделендіре түсті. Барлық автомагистральдарда бірнеше шақырымға созылған көлік кептелістері орын алды. Наразылыққа жұмысшылар құрылымын өзгерту жоспарымен қызметкерлердің келіспеуі және олар қалаған уақытта еңбек демалысының берілмеуі себеп болған. Кәсіподақтар сонымен бірге Бельгия теміржол компаниясы әкімшілігі жаңа кадрларды қабылдау бойынша жұмысты жеткіліксіз атқарып жатқанын алға тартуда. Ереуіл бүгін жергілікті уақытпен сағат 22.00-де аяқталады деп күтілуде.