Бельгияда жалпыұлттық ереуіл жарияланып, қоғамдық көліктер тоқтатылды
Бельгия кәсіподағы дүйсенбі, 15 желтоқсанда жалпыұлттық ереуіл жариялады. Ел бойынша 24 сағатқа пойыз қозғалысы, сонымен қатар қоғамдық көліктер: автобус, трамвай, метро тоқтатылды. Кәсіподақтар халықаралық автобус желілерін де шектеп, жүк көліктері жүргізушілерін жолға шықпауға шақырды, деп хабарлайды AFP агенттігі.
15 желтоқсанда кешке дейін Брюссель, Шарлеруа халықаралық әуежайларында қозғалыс жабылады. Бұдан Бельгиялық «Brussels Airlines» әуекомпаниясы ереуілге байланысты бес миллион еуро шығынға ұшырауы мүмкін.
Елдің премьер-министрі Шарл Мишель басшылығымен Бельгия үкіметінің тауарлар, көрсетілетін қызметтер бағасын көтеру, әлеуметтік жеңілдіктерді азайтып, зейнеткерлік жасын 65-тен 67-ге ұзартуға бағытталған саясаты көлік қызметкерлерінің ереуілге шығуына себеп болды.