Бельгияда жарыс көгершіні рекордтық баға -1.9 млн долларға сатылды
ХАЛЛЕ. ҚазАқпарат – Бельгияда қытайлық құс жарысының фанаты 1.6 млн еуроға (1.9 млн доллар) көгершін сатып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Associated Press агенттігіне сілтеме жасап.
Екі аптаға созылған аукцион нәтижесі жексенбі күні белгілі болды. Super Duper және Hitman лақап аттарын иемденген аукционға қатысушы екі қытайлық азамат бағаны 280000 еуроға көтеріп, бұрынғы рекорд иесі – былтыр сатылған Армандо атты кептердің рекордын жаңартты. Үш жасар Нью Ким атты көгершінді Super Duper сатып алды.
76 жастағы құстарды баптаушы Гастон Ван де Ваувердің айтуынша, зейнетке шығуы және оның ұлының қарай алмауы көгершіндердің сатылуына себеп болып отыр. Дүйсенбіге дейін жалғасатын аукционда барлығы 445 құс сатылмақ. Ал жалпы сатылу бағасы 5 млн еуроға (5.8 млн доллар) жақындады.