Бельгияда жастар арасындағы жаппай тәртіпсіздіктен кейін қауіпсіздік шаралары күшейтілді

None
Фото: Franz P. Sauerteig/Pixabay
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Жұмадан сенбіге қараған түні Бельгияның Упейе муниципалитетінде жастар тәртіпсіздік ұйымдастырды. Оған полиция тергеуі барысында жас адамның мерт болуы себеп болған, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Бельгия басылымының дерегі бойынша, жұма күні түстен кейін 31 жастағы квадроцикл жүргізушісі тексерістен өтуден бас тартып, жергілікті полиция патрулінен қашып кетуге тырысқан. Ары қарай жас жүргізуші Опейедегі Перро көшесінде полицейлердің бірін қағып кеткен. Тәртіп сақшыларының екіншісі жедел әрекет етіп, оған табельдік қарумен оқ атқан. Зардап шегуші жараланып, ауруханаға жеткізілді.

Квадроцикл жүргізушісі алған жарақаттарынан оңалмай, қайтыс болды. Бұл оқиға жастардың наразылығын тудырып, түн ішінде полициямен бірнеше қақтығыс және вандализм болған. Жағдай сенбі күндіз тұрақталды. Соған қарамастан, жергілікті мэр муниципалитет аумағында төрт адамнан артық жиналуға тыйым салды.

Сонымен қатар «ортақ жолдарда адам жиналып қалған жағдайда полицияның қадағалауына рұқсат етіледі». «Әлеуметтік желілерде тексерілмеген ақпарат көп. Ол осы оқиғаға қатысы бар қызметкер мен жалпы полицияға жек көру сезімін тудыруға бағытталған. Осыған байланысты тергеу жүріп жатыр. Біз азаматтарымызды тыныштық сақтап, мүлік пен адамдардың қауіпсіздігін қорғауға шақырамыз. Біз сот төрелігіне өз қызметін атқарып, шындықты ашуға мүмкіндік беруіміз қажет», - делінген Упейе мэрінің мәлімдемесінде.


Соңғы жаңалықтар