Бельгиядағы «Шталаг» концлагерінде болған тұтқындардың ішіндегі қазақстандықтар тізімі (ФОТО)

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысы жеңісінің 71-жылдығын мерекелеу қарсаңында «ҚазАқпарат» ХАА «Мемориал» деректерінің жинақталған банк мәліметтері мен басқа да мұрағаттық мәліметтер негізінде ҰОС жылдары қаза тапқан және Бельгия аумағында жерленген қазақстандықтар жайлы материалдар жариялайды.

Бельгиядағы «Шталаг» концлагерінде болған тұтқындардың ішіндегі қазақстандықтар тізімі  (ФОТО)

Бар құжаттарды және Бельгия аумағында Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан кеңес әскері тұтқындары мен партизандардың жерленген орындарын зерделеу қорытындысы бойынша неміс лагерінде болған қазақстандық алты тұтқын жайлы белгілі болды.
1941-1942 жылдары біздің отандастарымыз гитлершілерге тұтқынға түскен. Олар мыңдаған кеңес тұтқындарымен бірге Бельгия көмір өнеркәсібі нысандарында мәжбүрлі жұмыстарға жегіліп, Ұлы Жеңісті көрмей кетті.

Олардың барлығы немістердің Кеңес Одағына шабуылдау алдында құрылған «Шталаг» (нем. Stammlager (негізгі лагерь)) түріндегі концлагердің сорақы жүйесіне тап болды.

БИСЕНОВ Нұрдадым Бисенұлы, 1908 жылы туылған, Қызылорда облысы Қазалы ауданының тумасы, 974 атқыштар полкінің әскері, Ростов қаласының маңында 1942 жылы 27 шілдеде тұтқынға түсті, «Шталаг» IV-B концлагеріне жіберіліп, 1944 жылғы 30 мамырда қаза тапты. Лимбург провинциясы, Генк қаласында зиратта жерленген.


ЛЯХОВСКИЙ Василий Тарасович, 1907 жылы туылған, ОҚО Леңгір ауданы (Төле би ауданы) Егорьевка ауылының тумасы, 519 атқыштар полкінің әскері, Старобельск қаласы ауданында 1942 жылы 12 шілдеде тұтқынға түсіп, «Шталаг» IV-B концлагеріне жіберілді, 1944 жылғы 9 қаңтарда қайтыс болды, Лимбург провинциясының Курсель қаласындағы зиратқа жерленді.



НАЛИВАЙКО Николай Васильевич, 1922 жылы туған, Алматы облысының тумасы, Харьков қаласы жағында 1942 жылғы 24 мамырда тұтқынға түсіп, «Шталаг» IV-B концлагеріне жіберілді, 1942 жылғы 8 желтоқсанда қаза тапты, Лимбург провинциясының Ланклаар зиратында жерленген.


СКРИННИКОВ Дмитрий Васильевич, 1907 жылы туылған, Алматы облысы Андреевка ауылының (бұрынғы Қабанбай) тумасы, 467 атқыштар полкінің сержанты, 1942 жылғы 28 маусымда тұтқынға түсіп, «Шталаг» IV-B концлагеріне жіберілді, 1943 жылғы 10 мамырда қаза тапты, Лимбург провинциясының Ланклаар зиратында жерленген.


УӘЛИЕВ Тоғай-Бай Уәлиұлы, 1905 жылы туылған, Семей тумасы, 795 атқыштар полкінің қызыл әскері, Шахты қаласы (Ростов облысы) ауданында 1942 жылы 21 шілдеде тұтқынға түсіп, «Шталаг» IV-B концлагеріне жіберілді, 1944 жылғы 20 сәуірде қаза болды. Лимбург провинциясының Генк зиратына жерленді.



ЯНКОВ Дмитрий Павлович, 1931 жылы туылған, ШҚО тумасы, 81 атқыштар полкінің қызыл әскері, Лубны қаласының (Полтавский облысы) маңында 1941 жылы 22 қыркүйекте тұтқынға түсіп, «Шталаг» VI-К концлагеріне жіберілді, 1943 жылғы 22 қаңтарда көз жұмды, Эно провинциясының Флерус зиратында жерленді.