Бельгияның барлық теміржол станцияларына жаңа қауіпсіздік жүйелері орнатылады
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Бельгияның Ішкі істер министрі Ян Ямбон ірі темір жол вокзалдары мен адамдар көп шоғырланатын орындарда жаңа қауіпсіздік жүйесін енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА-нің тілшісі бельгиялық «Het Laatste Nieuws» басылымына сілтеме жасап.
Өткен жылдың күзінде Брюссель әуежайы «Завентемде» алғашқы тексеру шаралары жүзеге асырылатын ғимаратқа кіретін аймақта және әуежайдың тұрағына кіретін жерде орналасқан палатканың орнына жаңа қорғаныс жүйесі орнатылған болатын.
Палатка мен блокбекет 2016 жылдың 22 наурызында болған терактіден соң қойылған.
ІІМ-нің баспасөз хатшысы Оливье Ван Ремдонканың сөзінше, полиция ведомствосының басшысы елдің ірі теміржол сатнциялары мен адамдар көп шоғырланатын өзге де орындарда жаңа қауіпсіздік жүйесін енгізуді жөн көріп отыр.
«Завентем» білгілі бір деңгейде сынақ полигоны іспеттес. Жалпы біз бұл жүйені адамдар көп шоғырланған жерлердің барлығына орнатпақпыз»,-деді Оливье Ван Ремдонк.
Ол сонымен қатар, жаңа жүйе өзінің тиімділігін көрсеткендігін айтты. Дегенмен, жаңа жүйені енгізуді нақты мерзімі жоқ.
Жаңа жүйеде аталғандармен қоса, автомобиль номірлерін анықтайтын бейнекамералар мен адамдардың бет-әлпеттерін танитын смарткамералар бар. Сонымен қатар жаңа жүйені пайдалану кезінде арнайы оқытылған қызметкерлерге де үміт артылады. Олар көптеген адамдар шоғырынан күдіктілерді анықтауға үйретілген.
Өз кезегінде әуежайдың көлік полициясының басшысы Джо Декюпер өткен жылдың желтоқсан айының ортасында жаңа жүйе енгізілген соң бір ай өтпей жатып, террооризмге қатысты бар деп күдік келтіріліп отырған 30 адамның ұсталғандығын мәлімдеген еді.
Теміржол сатнцияларының қауіпсіздігі мәселесі Берлиндегі рождестволық жәрмеңкеде теракт ұйымдастырған тунистік Анис Амридің сыртқы бақылау камералары байқап қалмайынша 2 сағатқа жуық уақыт Брюссельдің солтүстік вокзалында жүргендігі белгілі болған соң қалың көпшіліктің ерекше назарында болды. Басылым өкілдері егер сатнцияда жаңа жүйе енгізілген болса, қылмыскер қолға түсетін еді деген болжам жасап отыр.