Беларусь әртістері «Астана Операда» өнер көрсетеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Беларусь Республикасы Үлкен театрының талантты әртістері - Яна Штангей мен Егор Азаркевич 14 мамырда «Астана Опера» театрында П. Чайковскийдің «Аққу көлі» балетінде басты партияларды орындайды, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.
Балеттің қоюшы балетмейстерлер - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Тұрсынбек Нұрқалиев және Ғалия Бөрібаева. Қоюшы дирижері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айдар Әбжаhанов.
Одетта-Одиллия партиясын Яна Штангей орындайды. Ол классикалық би техникасын өте жақсы меңгерген.
Оған жеңіл әрі жоғары секіру мәнері, нәзік әрі жігерлі би тән. Классикалық репертуардағы партияларды орындау кезінде балерина сахналық образдар мен стилистикалық дәлдіктің психологиялық тереңдігін көрсетуге ұмтылады.
- Меніңше, жан-жақты дамыған адамда кез-келген партия қызықты шығады, өйткені спектакльге кітап, фильмдерден идеялар енгізуге болады. Екі жыл бұрын «Аққу көлі» балетінде билеу алғаш рет ұсынылғанда, бұл мен үшін күтпеген сәт еді. Мен бұл спектакльден қатты қорықтым, өйткені ол - «таза классика», ешқандай қателікті кешірмейді. Әрқашан осы партия алдында керемет бір жауапкершілікті сезінемін. Және әрбір келесі спектакльге жаңалық енгізуге тырысамын. Өмірде мен өте ұстамды адаммын, бірақ сахнаға шыққан кезде, менің барлық эмоциям шығады, - деп атап өтті Яна Штангей.
Оның сахналық серіктесі, Зигфрид партиясын орындаушы Егор Азаркевич мәнерлі икемділігімен, актерлық талантымен, нәзіктігі және талғампаздығымен ерекшеленетін шеберлігімен әйгілі. Әртіс өзінің би техникасы мен актерлық шеберлігін жетілдіруде көп еңбек етеді, әрбір сахналық бейнесін сомдауға ерекше байыптылықпен қарайды.
- Ханзадалар партиясын айтарлықтай жиі орындаймын, көп жағдайда бұл ағымдағы репертуарға байланысты. Зигфрид рөлін өте жақсы көремін, Хореографиялық колледжді бітірген кезден бастап, ол мені өзімен бірге алып келе жатыр: осы спектакльдегі па-де-дені мен есеп берген концертімде биледім. Өзімнің романтикалық қаһарманым арқылы мен оның ішкі әлемін толықтыратын сезімдерді - нәзіктікті, махаббат пен ерлікті білдіре аламын, - деп атап өтті Егор Азаркевич.
«Аққу көлінің» негізінде - фольклорлық ертегі әлемінде кең тараған зұлым сиқырдың күшімен құсқа айналған ару туралы тарих жатыр. П. Чайковский балетінде Зигфрид ханзада Одеттаның құтқарушысы, алайда оның байқаусыз жасаған опасыздығы қасіретті күнәге айналады. Ханзада сарайындағы бал кешіне нәзік Одеттаға өте ұқсас, бірақ зұлым әрі еліктіргіш Одиллия келеді. Алайда, жіберілген қателігін түсінген ол, зұлым данышпан Ротбартқа қарсы күресте өзінің махаббатын қорғайды. Аталған партияны алғаш рет «Астана Опера» театрының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Ғатауов сомдайды. Сайқымазақ рөлінде - Еркінбек Әубәкіров.