Беларусь еліндегі бауырластар зиратына қазақ жерінің топырағы жеткізілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыған дейін хабарларымызда Қорғалжын аудандық әскери комиссариатына шақырылып, 1943 жылы Беларусь жерінде қаза тапқан Құлман Бекмағанбетовтің отбасы туралы айтқанбыз.

Беларусь еліндегі бауырластар зиратына қазақ жерінің топырағы жеткізілді

Жауынгердің жақындары атасының қабірін іздеп, 67 жыл сабылып еді. Ақыры биыл олар Гомель облысындағы бауырластар зиратына алғаш рет қазақ жерінің топырағын апарды, деп хабарлайды 24.kz.
Журналист Салтанат Бекниязова бұрынғы Кеңес одағындағы барлық мұрағаттарға, әскери коммиссариаттар мен хатшылықтарға хабарласып, атасы туралы дерек іздейді. Бірақ Құлман Бекмағанбетовтің жатқан жері туралы ешкім ақпарат бере алмаған. Тек 2010 жылы ерікті беларусьтардың іздеу тобынан Қазақстанға жауап келеді. Қорғалжыннан шақырылған, жарының аты Бибіғали, алайда тегі Бекмағанбетов болмай шығады. - Өкінішке қарай, тегі аздап дұрыс жазылмапты. Сонау 1943 жылы екі әріпті ауыстырып не түсіп қалған екен,-дейді Кормянск ауданындағы Ворновск орта мектебінің директоры Сергей Детюков. Барлық әріпті түзу жазуға соғыс кезінде ешкімнің мұршасы болмағаны белгілі. 67 жыл іздеуден кейін ақыры өшкен үміт қайта жанды. Сол уақытта 83 жасқа жеткен Қабыкен ата ұрпағы мен туған жер топырағын алып, әкесінің зиратына жетті. Беларусь елі отанды жаудан қорғау жолында қаза тапқандарды ешқашан ұмытпайды. Беларусь жері үшін жанын қиған боздақтардың ұрпағын мұндағы жұрт туғанындай құшақ жайып, қарсы алады.
"Беларусь халқына ризашылығымыз шексіз. Бұл жерде қазақтар да, орыстар да жатыр. Олардың бәрі - бір майдан шебінде құрбан болғандар"-дейді қаза тапқан жауынгердің ұрпағы Назым Бекмағанбетова.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің доценті Салтанат Бекниязова жүрек толғанысын былайша жеткізді: «Мына ауыл жүрегімнің бір бөлшегіне айналды. Себебі, мұнда менің атам жатыр».
Беларусь достары дайындаған тосынсый бұл ғана емес. Құлман Бекмағанбетов «Жауынгерлік қызметі үшін» медалімен марапатталған екен.