Беларуське Қазақстаннан заңсыз алкоголь өнімдерін жеткізетін желінің жолы кесілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Беларусьте Қазақстаннан алкоголь өнімдерін заңсыз жеткізушілердің жолы кесілді, деп хабарлайды БЕЛТА елдегі Мемлекеттік бақылау комитетіне сілтеме жасап.
Беларусь ІІМ арнайы бөлімшесі мен қаржылық тергеулер департаменті астаналық бөлімшесінің қызметкерлері Беларусь және Қазақстан азаматтарының заңға қарсы әрекеттерінің жолын кесу операциясын жүргізді. Олар құқықбұзушыларды келіссөз жүргізу барысында ұстады. Заңсыз жеткізушілер құны шамамен 6 мың доллар болатын 270 жәшік арақ пен коньяк сатуға әрекет еткен.
Ұйымдастырушылардың жеке табысы 2 мың долларды құрар еді.
«Сатып алушы (Беларусь азаматы) және екі сатушы (Қазақстан азаматтары) ұсталды. Алкогольді өнімдер мен ақшалай қаражат тәркіленді. Қазіргі уақытта тауардың сапасы мен қауіпсіздігі жөнінде сараптама жүргізілуде», - деп атап өтті мемлекеттік бақылау комитеті.
Бұл өнімдер кішігірім партиямен бірнеше рет Беларуське заңсыз жеткізілген. Содан кейін таратушылар арқылы Минск аумағына сатылған.