Беларусь премьері азаматтарын Қытайдан эвакуациялауға көмектескені үшін Қазақстанға алғыс білдірді

МИНСК. ҚазАқпарат – Беларусь мемлекетінің премьер-министрі Сергей Румас Беларусь азаматтарын Қытайдан эвакуциялауға көмектескені үшін қазақстандық әріптесіне алғыс хат жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат БР Үкіметінің сайтына сілтеме жасап.

Беларусь премьері азаматтарын Қытайдан эвакуациялауға көмектескені үшін Қазақстанға алғыс білдірді

«Сергей Румас Беларусь Республикасы Үкіметінің атынан 2020 жылдың 2 ақпанында коронавирус ошағы ҚХР Хубэй провинциясынан шығу туралы шешім қабылдаған 5 беларусь азаматын арнайы рейспен эвакуациялауға жедел көмек көрсеткені үшін Қазақстанға алғыс білдірді», - делінген хабарламада.

Беларусь Үкіметінің басшысы азаматтарын Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық мекемеге орналастырып, 2 апта ішінде қажетті жағдай жасағаны үшін Асқар Маминге ризашылығын білдірді.

Премьер-министр алдағы уақытта да Беларусь мемлекеті мен Қазақстанның екіжақты қарым-қатынасты нығайтып, достық пен түсіністікте болатынын жеткізді.

Сонымен қатар, Сергей Румас әріптесіне зор денсаулық, жақсылық пен амандық тіледі.