Беларус Сыртқы істер министрлігі Қ.Бакиевті Қырғызстан өкімет орындарына қайтаруды созып отыр

АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат - Беларус Республикасының сыртқы істер министрлігі Қырғызстанның экс-президенті Құрманбек Бакиевті республиканың жаңа билігіне тапсыруды кешіктіріп отыр. Ведомствоның хабарлауынша, осы тақырып төңірегінде «заңнамалық қиындықтар» туып отыр, деп хабарлайды РБК агенттігі.

Беларус Сыртқы істер министрлігі Қ.Бакиевті Қырғызстан өкімет орындарына қайтаруды созып отыр

«Бұл байсалды заңдық амалдарды қажет ететін заңдық тұрғыдағы үдеріс», - деді РБК-ға Беларус Сыртқы істер министрлігінің өкілі.

Естеріңізге сала кетейік, Қырғызстанның Бас прокуратурасы Беларусқа елдің бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевті экстрадациялау туралы сұрау салған. Бұл туралы Қырғызстан уақытша үкіметі төрағасының орынбасары Әзімбек Бекназаров хабарлаған болатын.

Қ.Бакиевке 2010 жылғы сәуірдің 7-сінде болған оқиғада қаза тапқан адамдардың өліміне кінәлі деген сырттай айып тағылып отыр. Осы орайда Беларустан саяси баспана алған Құрманбек Бакиев отанына қайтып бармайтындығын айтқан. Оның айтуынша, ол Қырғызстанның президенті және конституция кепілі болып қала береді.

Бұдан бұрын Ә.Бекназаров Беларустың қылмыскерлерді экстрадациялау туралы Минск келісімін бұзуға құқығы жоқ деп мәілмдеген болатын. Қ.Бакиевті экстрадациялау туралы декрет Қырғызстанда сәуірдің 27-і күні қабылданған және үкімет басшысы Роза Отынбаеваның қолы қойылған.

Ал Беларус Республикасының президенті Александр Лукашенко Қ.Бакиевті Қырғызстанның жаңа билігіне тапсырмайтындығын мәлімдеген. Оның айтуынша, экстрадациялауға шақыру елдің уақытша үкіметі үшін «нәтижесіз және кемсіту». «Қырғызстанның президенті Беларус мемлекеті пен оның президентінің қамқорлығында», - деді А.Лукашенко.