Беларусь жерін азат еткендерге медальдар табыс етілді - БҚО (ФОТО)
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында тұратын Ұлы Отан соғысы ардагерлері Клавдия Веселовская, Ибат Абдулов, Петр Подольный, Николай Кериновқа Беларусь Президенті атынан келген медальдар мен құттықтау хаттар табыс етілді.
Биыл Беларусь жерінің жаудан азат етілгеніне (1944 жылғы 29 тамыз) тура 70 жыл толды. Осыған орай мерекелік медальдар шығарылған болатын.
Облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетовтің айтуынша, ауылдық жерде тұратын Беларусь жерін азат етуге қатысқандарға хаттар мен медальдар бұған дейін берілді. Ал Оралда көзі тірі төрт-ақ адам қалды. Кейінгі кезде көз жұмған Юрий Коннов пен Василий Коротковтың туысқандарына табыс етіледі.