Беларусь жерінде қаза тапқан қазақ жауынгерінің бейітіне ұрпақтары барып қайтты
Хамсин Есмулдинов 1910 жылы қазіргі Сырым ауданы Жетікөл жерінде дүниеге келген. Ұрпақтарының сөзіне қарағанда, атақты Сырым батырмен бір атаның балалары болып келетін Есмолда Жетікөлде мешіт ұстаған молда болған көрінеді. Одан Қажиахмет, Нәжмеддин, Хамсин тараған. Қажиахметтен тараған ұрпақтар баршылық. Соғысқа дейін Қособа ауылында селолық кеңес төрағасы, басқарма төрағасы сынды жауапты қызметтер атқарған Хамсиннің Сами (Самиғолла), Максим, Мақсот, Сайлау сынды төрт ұлы болған. Биыл сексеннің сеңгіріне шығатын Мақсоттың және шаңырақтың кенжесі Сайлау мен оның жары Ағайшаның айтуынша, әкелері қызметінде абыройлы, елде беделді болған. 1941 жылы 31 жасында әскерге алынып, майданға аттанғаннан кейін екі мәрте хат келген. Онда екі рет жаралы болып, емделіп, қатарға қайта қосылғанын жазған. Кейін «қара қағаз» келіп, соғыстан қайтпаған соң бұлар әкесінің ағасы Нәжмединнің қолында өскен. Аналары Ақкенже 2008 жылы 95 жасында дүниеден озды.
Самидің қызы, дәрігер Светлана Сүндетованың мәлім еткеніндей, Хамсиннен 19 немере өрбісе, соның төртеуі қайтқан. 36 шөбересінің бірі де о дүниелік болыпты. Сегіз шөпшегі аман-есен өсіп келеді. Аталарының қай жерде қаза тапқанын анықтаған немерелері көрінеді. Алдымен Сайлаудың ұлы Асхат (қазір марқұм) іздестіру жұмыстарын қолға алған. Кейін мұны жалғастырған Максимнің ұлы Марат Хамсиннің баян еткеніндей, атасының аты-жөні әр түрлі жазылған. Мысалы, атаулы тізімде Есмулдинов Хамсин, «Подвиг народа» сайтынан алынған карточкада Есмулдиев болып жазылған. 244-атқыштар полкінде болған қатардағы жауынгер Х.Есмулдиев (Есмулдинов) 1943 жылы 15 желтоқсан күні Рогачев ауданы Денисковичи деревнясында қаза тауып, сондағы бауырластар бейітіне қойылған. Әйелі Есмулдиева Ақкенже, тұрғылықты жері Батыс Қазақстан облысы, Жымпиты ауданы, Жетікөл ауылы деп көрсетілген.
Осылайша аталарының мәңгілік мекен тапқан жерін анықтаған Болат Самиұлы Нәжімов (ол атасының ағасы Нәжмеддиннің атына жазылған), Марат Хамсин және Самат Мақсотұлы Хамсин биылғы Жеңіс мерекесі қарсаңында Беларусь жеріне барып қайтқанды жөн деп тапты. Олар Хамсиннің туған жерінен бір уыс топырақ апарып, Майское ауылындағы бауырластар зиратына салып, аталарының рухына бағыштап, құран оқытты. Зираттағы тізімде де, бұларға сол жергілікті жердің адамдары сыйға тартқан «Память» кітабында да Есмулдиев Х. деп жазылған. «Атамыздың басына барып, бейітін көріп, дұға бағыштап, бір борышымызды орындап қайтқандай болдық», дейді олар.
Бүгін Орал қаласында тұратын Марат Хамсиннің шаңырағында Беларусь жерінде қаза тапқан Хамсиннің ұрпақтары бас қосып, әке-аталарын тағы бір еске алды. «Орнында бар оңалар» деген, міне, осы болса керек.