Беларусьтің ет консервісі арзан – АШМ отандық өнімнің неге қымбат екенін түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Қазақстанда өндірілген ет консервісінің бағасы неге шетелдік өнімдерден де қымбатқа түсетінін түсіндірді.
Үкімет үйінде өткен брифингте тілшілер елде қанша ет комбинаты салынса да, Беларустьтен жеткізілген ет консервісі арзанырақ шығатынын айтты.
Вице-министрдің айтуынша, бір атаумен сатылатын ет өнімдерінің бағасы олардың құрамындағы ет сапасына қарай өзгеріп отырады.
– Консервінің бағасы оған қандай ет пайдаланылғанына байланысты. Мысалы, малдың қоңдылығы жоғары болса, оның еті де қымбатырақ болады. Еттің санатына қарай бағасы өзгереді. Беларусь өнімдерінде пайдаланылатын еттің сапасы біздегіден төмен болуы мүмкін. Сондықтан бағасында да айырмашылық бар. Яғни еттің сапасы оның бағасына тікелей әсер етеді, – деп жауап берді А. Бердалин.
Оның айтуынша, консервінің сыртында «сиыр еті» деп жазылғанымен, бұл оның құрамындағы еттің сапасы бірдей дегенді білдірмейді.
– Сиыр етінің өзі бірнеше санатқа бөлінеді: қоңды, орташа қоңдылықтағы және арық малдың еті бар. Сондықтан «сиыр еті» деп жазылған екі консервінің бағасы бірдей болмауы мүмкін, – деп түсіндірді ол.
Бұған дейін Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова Қазақстанда өндірілген көкөністер қалай сақталатынын айтып берген еді.
Сондай-ақ елде еттің күрт қымбаттауына негіз жоқ.