«Белең алған бедеулік» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 9 қазан, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Белең алған бедеулік» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі таңда бедеулік белең алған Оңтүстік Қазақстан облысындағы жағдайды мәселе етіп көтеріп отыр.

"Репродуктолог дәрігерлер Оң­түстік Қазақстан облысында белең алған бедеуліктің негізгі себептерін атады. Бұл тұжырымды «DL-ЭКО» қазақ-израильдік көпсалалы клиника мамандары жасаған. Ал осынау мәліметтер Оңтүстік Қа­зақ­стан облысы бойынша «Даму» қо­рының аймақтық филиалымен ұйым­дастырылған пресс-тур барысында журналистерге жария етілді", - деп жазады басылым "Белең алған бедеулік" атты мақаласында.

Аталмыш клиника директоры Борис Гойхман: «Бұл дерттің өршуіне денсаулықты сақтауға мән бермеушілік пен аурудың алдын алу шараларының болмауы негізгі себеп болып отыр», - дейді.

Оған қоса жаппай профилакти­калық зерттеулердің болмауы мәселе туындатып отыр. Оның айтуынша, әй­елдерге әр жарты жыл сайын про­филактикалық тексерістен өту қажет, ал ер адамдарға жоқ дегенде жылына бір рет. «Ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алған қашанда жақсы. Бұл бағыт бұрынғы Кеңес Одағында жақсы жолға қойылған еді. Қазір, байқап отырғанымдай, өте әлсіз. Ешбір науқас асқынбаса жыныстық жұқпа бар-жоғын анықтауға келмейді, алайда, оның өңірлерде кездесетініне 90 пайыз сенімдімін», - дейді дәрігер.

Борис Гойхманның айтуынша, белсіздікке экологияның нашарлауы мен дұрыс тамақтанбау кесірін тигізіп жатыр.

- Нәтижесінде экстракорпоральді ұрықтандыруға деген сұраныс жо­ғары деңгейде қалып отыр. Алайда, оған қымбат тұратын импорттық жабдық қажет. Осыларды ескере оты­рып, бедеулікті емдеуге маман­дан­дырылған «DL-ЭКО» қазіргі за­манғы репродуктивті технологияны қолдануға басымдық беріп отырмыз. Бала сүйгісі келетіндердің көп бөлігі үшін жалғыз жол болып отыр.

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болды. Бұл туралы "Егемен Қазақстан" басылымы кеше Жамбыл жерінде, Тараз төрінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған іс-шараларға қатысты мақаласында xабарлап отыр.

"Ал Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өңірге сапарын «Әулие ата» халықаралық әуежайының жолаушыларға арналған жаңа терминалына барудан бастады. «Әулие ата» әуежайы кешені күрделі жөндеуден өтіп, жолаушыларға жаңа кейіпте қызмет етіп жатқанына аз ғана уақыт өтті. Әуежай кешені аэровокзалды, аэродромды, авиациялық-техникалық базаны қамтиды. Сондай-ақ, онда ұшуды радио құралдары көмегімен және жарықпен қамтамасыз етуге арналған құрылғылар, түрлі техникалар және басқа да жабдықтар бар", - дейді газет "Ұлт тариxы ұлықталған күн" атты материалда.

Осыдан кейін Елбасы Тараз қала­сындағы «Қазақ хандығы» монументінің ашылу салтанатына қатысты.

"Ел тарихының өшпес табы қалған, ежелгі ордамыздың шаңырағы көтерілген көне Тараз жерінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ерекше монумент бой көтерді. «Қазақ хандығы» монументінің биіктігі 30 метрді құрайды. Аумағы 3,5 гектарды алып жатқан бұл кешеннің ең ерекше архитектуралық шешімі, әрине, Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандардың тақта отырған сәтінің бейнеленуі болды. Бұл күні монумент маңына елуге жуық киіз үй тігіліп, сахна, алтыбақан, спорттық алаңдар, тайқазандар және басқа да нысандар орнатылып, өз алдына әдемі этноауыл орын тепті", - делінген мақалада.

***

"Айқын" басылымының бүгінгі санында "Ел Үкіметі "иммунитетінен" айырылмайды" атты мақала жарияланды.

"Қазақстанда ел Үкіметін «иммунитетінен» айырылудан сақтауға септігін тигізетін заң қабылданды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен кешегі жалпы отырыстарында сенаторлар Қазақстанның Кәсіпкерлік кодексінің жобасын және оған ілеспе заң жобасын бірден екі оқылымда құптады. Бір қызығы, осы құжаттар бойынша алда елімізде тек Елбасыға ғана бағынатын жаңа лауазымды тұлғалар пайда болмақ", - деп xабарлайды газет.

"Кез келген мемлекетте ресми билік пен инвестор арасында дау-жанжал бой көтеріп тұрады. Бұдан Қазақстан да құтыла алмайды. Мұндайда шетелдік инвесторлар Үкіметтің басын арбитражға, ағылшындық сотқа сүйрейді. Бұл мемлекет үшін үлкен шығын ғана емес, сын-қатер: Батыс өзіне бақ­талас санап, дамушы мемлекет­тердің, әсіресе, Шығыс елдерінің инвесторлармен дауларын жария­лауға баса мән береді, ал бұл елдің инвестициялық тартым­дылығына, имиджіне нұқсан келтіруі мүмкін", - делінген мақалада.

«Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады, деп жазады "Айқын" басылымы.

Министр мұғалімдердің мұңын тыңдап, мүгедек балалары бар ата-аналардың мәселесіне назар аударды. Сонымен қатар білім берудің мем­лекеттік грантын тағайындау мен жұмысқа қабылдауға қатысты сұрақтарға жауап берді.

Халықпен тілдескен министр тағы қандай мәселелерге қанық болды? Толығырақ "Мұғалімдер мен ата-аналар министрге мұң шақты" атты мақаладан оқи аласыздар. ***

Қазақстан тариxына жаңа парақтар жазылатын болады. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ұлы дала елі» экспедицияның қатысушылары айтуда, деп xабарлайды "Экспресс К" басылымы "В шаге от сенсации" атты мақалада.

"Экспедиция бірнеше маршруттар бойынша өтті. Олардың ішінен Жамбыл облысы Берікқара аңғарын ерекше атауға болады. Онда 500-ге тарта Сақ қорғаны қатар-қатар тізіліп жатыр. Жергілікті малшылар экспедиция қатысушыларына жақын жерде Тамғалысай мен Көлсай аңғарларында тас бетіне салынған суреттер барын айтқан. Олар бірден сол жерге тартқан. Жергілікті жердің тариxы 1000 жылға кейін - темір дәуірінен қола дәуіріне дейін шегерілді", - делінеді материалда.

Экспедиция мүшелері, сонымен қатар, ол жерде орта ғасырларда суару жүйелері болғанын анықтады.