Белгіленбеген орындарға қоқыс төккен 20 жүргізуші жауапкершілікке тартылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының ІІД Жергілікті полиция қызметінің табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері белгіленбеген жерлерге лас сұйықтық қалдықтарын төккен азаматтарды анықтауға бағытталған іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп отырады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Жыл басынан бері ҚР ӘҚБтК 505-бабы «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу...» бойынша 4 ассенизаторлық машинаның жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған, салынған айыппұлдың жалпы сомасы 192 400 теңге.
Кеше Есіл аудандық ІІБ ЖПҚ табиғатты қорғау полиция қызметкерлері Газ-3307 автокөлік жүргізушісінің «Жасыл белдеу» ауданында белгіленбеген жерге лас сұйықтықты төккенін анықтаған. 28 жастағы азамат ҚР ӘҚБтК 505 бабын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 АЕК (48100 теңге) айыппұл салынды.
Сондай-ақ, «Bi Village» коттедж қалашығы ауданында белгіленбеген жерге бетон сұйықтығын төккен «Howo» автокөлігінің жүргізушісі ҚР ӘҚБтК 505-бабы 1 тармағы («Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу...») бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Жалпы жыл басынан бері белгіленбеген орындарға қоқыс қалдықтарын, қар, лас сұйықтықты төккен 20 шақты жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы шамамен 620 мың теңгеден асты.
