Белгілі әнші, кәсіби режиссер Зәуреш Есбергенова дүниеден өтті
З. Есбергенова 1940 жылы 27 сәуірде Маңғыстау облысы Шетпе ауданындағы «Үштаған» аулында дүниеге келген. Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясының түлегі. Республикалық эстрада-цирк студиясында профессор Нәдия Шәріпованың алдынан дәріс алған.
Еңбек жолын Жамбыл облыстық театрынан бастап, кейін Торғай, Атырау облыстық драма театрында режиссерлік әрі актерлік еңбегімен өзін танытқан дарын иесі бала кезінен арман еткен әншілік жолға біржолата түсіп, «Қазақконцерт» бірлестігінің жанынан құрылған өнер тобымен Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, халық әндерімен қоса маңғыстаулық композиторлар - Жеті қайқының әндерін тыңдаушыларына талмай насихаттай білді. Сондай-ақ Қазақстан композиторларының тамаша әндерін тамылжыта орындап, көпшілік көңілінен шықты. Өнерін- өмірім деп түсінген Зәуреш Есбергенқызы «Қазақстан» телеарнасында режиссер және Қазақ радиосында музыка редакторы ретінде де өзін көрсете біліп, жан-жақтылығымен ерекшеленген жан еді. Тіпті зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін де Маңғыстау өңіріне атбасын бұрып, 2003 жылы Ақтау қаласында жаңа ашылған Нұрмұқан Жантөрин атындағы драма театрына режиссердің көмекшісі болып орналасып, оншақты жыл жемісті еңбек етті. Бірнеше рет өзінің жеке шығармашылық кешін өткізді, сағынысып көріскен жерлестеріне Жеті қайқының әндерін орындап, көрермен ықыласына бөленді.
Қазақ радиосының «Алтын қорында» әнші Зәуреш Есбергенованың өз орындауындағы 30-ға жуық әндері мен арнайы хабарлары сақталған.
Зәуреш Есбергенқызы өзінің өмірі мен өнері жайлы жазған «Өмірімнің жібек жолы» жинағының авторы.
Зәуреш Есбергенқызы отбасында үш ұл, бір қызды дүниеге әкелген бақытты ана еді.