Белгілі футболшы Бауыржан Исламхан ұлттық құрамаға шақырту алды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бауыржан Исламхан Қазақстан ұлттық құрамасының қараша айында Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірліктері құрамасымен өткізетін жолдастық матчтарына шақырту алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан футбол федерациясы мәлім еткендей, Бауыржан Исламханның екі жылдық шеттетілу мерзімі аяқталып, кәсіпқой командамен жаттығуды жалғастыруға болатыны туралы тиісті құжаттар алынған.
Қазақстан құрамасының жаттықтырушылар штабы бір ай бойы Бауыржан Исламханмен жұмыс жүргізіп, соның қорытындысы бойынша Алматыда өтетін жиынға шақырту туралы шешім қабылдады.
«Бауыржан туралы көп естігенмін. Оның үлкен таланты мен мол тәжірибесі бар. Алдағы оқу-жаттығу жиынында оның дене дайындығын қарағым келеді. Өйткені, екі жылдай Исламханның ойын тәжірибесі болмады. Оқу-жаттығу жиынында оның бабы қандай екенін байқап, алдағы ойындарға қаншалықты дайын екенін білетін боламыз», - дейді Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев.
Исламхан Қазақстан құрамасы сапында алғаш рет 2012 жылдың 29 ақпанында Латвияға қарсы жолдастық ойында алаңға шықты. Ұлттық құраманың қатарында 46 ойын өткізіп, үш гол соққан.
Бауыржан соңғы рет Қазақстан құрамасында 2020 жылдың қыркүйегінде Беларусь командасына қарсы ойнады.
Өзбекстанмен жолдастық матч 16 қараша күні Ташкентте, БАӘ-мен ойын үш күннен кейін Әбу-Дабиде өтеді.
Ұлттық құрамаға Бауыржаннан басқа мына ойыншылар шақыртылды.
Қақпашылар: Игорь Шацкий («Шахтер»), Данил Устименко («Қайрат»), Александр Заруцкий («Астана»).
Қорғаушылар: Сергей Малый, Александр Марочкин, Бағдат Қайыров (бәрі де - «Тобыл»), Абзал Бейсебеков, Михаил Габышев, Тимур Досмағамбетов (бәрі де - «Астана»), Темірлан Ерланов, Дмитрий Шомко (екеуі де - «Ақтобе»), Сұлтанбек Астанов («Қайрат»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей).
Жартылай қорғаушылар: Рамазан Оразов, Максим Самородов (екеуі де - «Ақтобе»), Асхат Тағыберген («Тобыл»), Аслан Дарабаев, Исламбек Қуат (екеуі де - «Астана»), Бақтиер Зайнутдинов (ЦСКА, Ресей), Эльхан Астанов («Ордабасы»).
Шабуылшылар: Абат Айымбетов («Астана»), Абылайхан Жұмабек («Тараз»), Айбар Жақсылықов («Тобыл»), Артур Шушеначев («Қайрат»).
Фото: kff.kz