Белгілі футболшы Серік Жейлітбаевтың өмірден озуы еліміздің спортсүйер қауымының қабырғасын қайыстырып кетті

АСТАНА. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев белгілі қазақстандық футболшы Серік Жейлітбаевтың туған-туысқандарына көңіл айтты.

Белгілі футболшы Серік Жейлітбаевтың өмірден озуы еліміздің спортсүйер қауымының қабырғасын қайыстырып кетті

Бұл туралы ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

«Спортсүйер қауым орны толмас қазаға душар болды. Серік Жейлітбаев қазақстандық футболдың дамуына өлшеусіз үлес қосты. Оның жарқын бейнесі мыңдаған жанкүйерлердің жүрегінде мәңгіге сақталады», - делінген көңіл айту хатында.

Сонымен қатар, аты аңызға айналған спортшының туған-туысқандарына оның достарынан, әріптестерінен, жанкүйерлері мен С. Жейлітбаев өмірінің соңғы жылдарында жаттықтырушы болып қызмет еткен алматылық «Қайрат» клубының ұжымынан да көңіл айту хаттары келіп түсті. «Қайрат» футбол клубының барлық ұжымы және жанкүйерлері Серіктің туған-туысқандарына шын жүректен көңіл айтады. Сен біздің жүрегімізде мәңгілікке қаласың», - делінген хатта.

Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық белгілі футболшы Серік Жейлітбаев ұзаққа созылған науқасынан айыға алмай жексенбіден дүйсенбіге қараған түні 38 жасында көз жұмды. Соңғы бірнеше жылда ол миынан қатерлі ісікті алғызу үшін 2 рет ауыр отадан өтті. Оның алғашқысы Санкт-Петерборда жасалды, содан кейін ол біраз уақыт өзін жақсы сезінген. Алайда халі нашарлаған соң, екінші рет Израильде жасалды. Өкінішке қарай, ол бұл қатерлі ауруды жеңе алмады.

С.Жейлітбаев қамшының сабындай ғұмырында «Ниса» (Ашхабад), «Сибирь» (Курган), «Қайрат», «Ертіс», «Жетісу», «ЦСКА-Қайрат», «Есіл-Богатырь» сынды клубтарда өнер көрсетіп, Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанды. Екі мәрте Қазақстан Кубогінің иегері болды. Қазақстан чемпионатында алғаш рет алматылық «Қайраттың» сапында ойнады.