Белгілі ғалым М.Спектордың аграрлық сектордағы қызметіне 50 жыл толу мерейтойы атап өтілді
Атаулы күнге орай, белгілі ғалым жарты ғасыр бойы еңбек етіп келе жатқан - С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде салтанатты жиын өтті.
Ұлағатты ұстазды бүгінгі мерейтойымен құттықтаған университет ректоры Айтбай Бұлашев, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ өзін басқа жоғары оқу орындарынан ерекшелендіретін - ұрпақтар сабақтастығымен мақтана алатындығын атап өтті. «М.Спектр жерге орналастыру факультеті мен жалпы университеттің қалыптасуының бастауында тұрған азаматтардың бірі. Ол әрқашан білім беруді ғылыммен ұштастыру қағидатын ұстанып келеді. Бакалавриат мамандықтары бойынша білім беру бағдарламаларының ұлттық рейтингісінің нәтижесіне сәйкес, ҚазАТУ жерге орналастыру мамандығы бойынша республикадағы ЖОО-лардың бірінші үштігіне енді. Бұл жетістікте М.Спекордың еңбегі ұшан-теңіз екендігі сөзсіз», - деп атап өтті ол.
А.Бұлашев мерейтой иесіне аграрлық ғылым саласына қосқан еңбегі үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрмет грамотасы мен университеттің алғыс хатын табыс етті.
Өз кезегінде «Жер ресурстары және жерге орналастыру мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталығы» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары Нұрлан Әріпбаев М.Спекторға Жер ресурстарын басқару жөніндегі ҚР Агенттігі басшылығының атынан «Құрметті жерге орналастырушы» ведомстволық төс белгісін табыс етті.
Оны сондай-ақ, «Қазгеодезия» РКМК-ның, Астана қаласы бойынша «Жер ресурстары және жерге орналастыру мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталығының» басшылары, Университеттің түлектер клубының төрағасы, ҚР Ауыл шаруашылығының өкілдері мен ғалымның АҚШ пен Ресейдегі әріптестері құттықтады.
М.Спектр аталмыш аграрлық университетте 1960 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол республика аумағында сондай-ақ, жақын және алыс шет елдерде жерге орналастыру, ауыл шаруашылығының экономикасы, ауыл елді-мекендерін орналастыруды жоспарлау бойынша көптеген жұмыстардың авторы ретінде белгілі агрария-ғалымы. Ол ауыл шаруашылығы аумақтарын дамытудың келешегін анықтау бойынша зерттеулерді жүргізу туралы бастаманы көтерген ғалымдардың бірі. Бүгін де М.Спектр, Қазақстанның жаңа жер саясатын қалыптастырушылардың бірі болып табылады. Оның зерттеулері негізінде Жер ресурстарын басқару жөніндегі ҚР Агенттігі бірқатар кітапшалар әзірледі. Сонымен бірге, 240 жұмыстың, оның ішінде 22 кітаптың авторы.