Белгілі ғалымдар елордалық оқушыларға шеберлік дәрісін өткізеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 27 қарашада Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары елордалық мектеп оқушыларына «Ұлылардан ұлағат» ынталандыру шеберлік дәрісін өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Дәрістер Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орайластырылып отыр.
Дәрістің мақсаты - рухани жаңғыруды сипаттау аясында өскелең ұрпақтың патриоттық санасын ынталандыратын ұлттық құндылықтарды жаңғырту, олардың бойында ұлттық сананы оятуға сеп болу, жас ұрпақ санасында халқына деген құрмет, сүйіспеншілік пен мақтан тұту сезімдерін ұялатуға, ұлттық рухты сіңіруге ықпал ету.
Шараны ҚР Білім және ғылым министрлігі және Астана әкімдігінің білім басқармасы қолдауымен қалады № 82 мамандандырылған «Дарын» лицейі Еуразия ұлттық университетімен бірге ұйымдастырады. Дәрісті тыңдауға елордалық мектеп директорлары, жоғары сынып оқушылары мен ата-аналар шақырылады.