Белгілі күйші-композитор, ҚР халық әртісі Тұяқберді Шәмелов дүниеден озды

ОРАЛ. 1 қазан. ҚазАқпарат - Қазақ өнері орны толмас ауыр қазаға ұшырады. 30 қыркүйек күні 61 жасқа толған шағында Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі, күйші, композитор Тұяқберді Шәмелов Оралда дүниеден өтті.
None
None

«Мың тұяқтың дүбірі - бір Тұяқтың саусағы» атанған күйші Тұяқберді Қажыгерейұлы 1951 жылдың 6 қыркүйегі күні Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданына қарасты Саралжын ауылында дүниеге келген.

1970 жылдан академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі құрамында домбырашы, концертмейстер және жеке орындаушы ретінде қызмет етті. «Күй өнерінде оны ешкім кеміте алмайды, Тұяқ - шебер күйші. Күйді түсініп орындайды. Мен оны мұрагерім деп санап, батамды бердім», - деген Қали Жантілеуов сияқты саңлақтардан күй өнерінің қыр-сырын меңгерді.

Т.Шәмелов Алматы музыкалық училищесін, Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. Оның орындаушылық репертуарынан қазақ халық композиторларының (Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Абыл, Сейтек, Мәмен, т.б.) күйлері кеңінен орын алды.

Құрманғазы атындағы оркестрде қырық жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп, қатардағы домбырашыдан бас концертмейстер, көркемдік жетекші дәрежесіне дейін көтерілді.

Оркестр құрамында әлемнің көптеген елдерінде өнер көрсетті. Жеке орындаушы ретінде Франция, Италия, Қытай, Ауғанстан сынды шет елдерде болып, қазақ халқының музыка өнерін әлем жұртшылығына таныстырды.

Құрманғазы атындағы І республикалық орындаушылар байқауының лауреаты.

Әбіш Кекілбаев оның күйшілігін: «Құрманғазының өн бойы драмаға толы, дүбірлете ойнайтын күйін лирикаға айналдыра отырып, сазымен жеткізе біледі», - деп жоғары бағалады.

Тұяқберді - Мәмен мектебінің өкілі. Ізденістің арқасында Тілеуұлы Мөңке бидің төрт күйін тауып, оның табиғаты мен тарихын хаттап, нотаға түсірді. Алғашқы болып орындады. Қазақтың күй мұрасы жаңа жәдігермен толықты. Мөңке бабамыздың күйлері - бүгінде баға жетпес рухани байлығы.

Қазақ күйінің жауһарлары Тұяқберді Шәмеловтің тамаша орындауында күйтабаққа жазылған.

Т.Шәмелов - бірнеше ән-күйлердің авторы. Оның Қадыр Мырза Әлінің «Домбыра», Ә.Асылбековтің «Ауылымды сағындым» сөзіне шығарған әндері республикалық конкурстарда жүлделі орын алды.

Тұяқберді Қажыгерейұлы халқын сүйген қайраткер де бола білді. Баспасөзге берген сұхбаттарында елдік мәселелерді асқан сауаттылықпен, жоғары жауапкершілікпен салмақты түрде көтерді. Тұла бойы тұнған тынымсыз ой болатын, кеудесі толы арман еді. Ұлтын жан-тәнімен сүйетін.

Тұяқберді Шәмеловпен қоштасу рәсімі Орал қаласындағы А.Островский атындағы драма театрының фойесінде 3 қазан күні жергілікті уақыт 08.30 - 09.30 аралығында өтеді.

Соңғы жаңалықтар