Белгілі қылқалам шебері Жеңіс Кәкенұлының көрмесі ашылды

Бұл жолы көрмеде суретшінің 48 еңбегі халық назарына ұсынылды. Көрменің ашылу салтанатында сөз алған суретші, Қазақстан суретшілері Одағының мүшесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері Қалиолла Ахметжан өз әріптесі Жеңіс Кәкенұлының шығармашылығы туралы жан-жақты әңгімелеп берді. «Бүгінгі көрмеде автордың негізінен жылқы тақырыбында салған картиналары ел назарына ұсынылып отыр. Жылқыны әрбір қазақ та, мұсылман да ерекше қадірлейтіні анық. Жылқы арқылы ұлттық қадір-қасиетімізді, бастан кешкен тағдырымызды көрсете білген»,- деді.
Келесі кезекте сөз алған Астанадағы «Фолиант» баспасының бас редакторы Раушан Тұрлынова жуырда жарық көрген суретші Женіс Кәкенұлының «Ақ зер» кітабы туралы ойларын ортаға салды. Мемлекеттік тілде жазылған осындай кітаптардың сирек екенін айта келіп, бұл көркем жинақты мектеп бағдарламасына енгізу туралы ұсынысын білдірді. Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс білдіру қажет екенін алға тартты.
Жиналғандар алдында сөз сөйлеген суретші Ж. Кәкенұлы кітабын шығаруға қолдау жасаған «Фолиант» баспасына ризашылығын білдірді және белгілі қылқалам шеберлеріне өзі салған портреттерін сыйға тартты.