09:27, 27 Наурыз 2015 | GMT +5
Белгілі режиссер Болат Ұзақов ТМД Парламентаралық Ассамблеясының төсбелгісімен марапатталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық театр күніне орай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрының директоры Болат Қасымжанұлы Ұзақов «театр мен өнерді дамытуға сіңірген еңбегі үшін» ТМД Парламентаралық Ассамблеясының төсбелгісімен марапатталды.

Белгілі режиссер жемісті шығармашылық еңбегімен елордалық театр көрермендерін қуантып келеді. Атап айтқанда, режиссер Б. Ұзақовтың Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып қойылған «Абылай ханның арманы» атты қойылымының (туындының авторы драматург Думан Рамазан) премьерасын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова арнайы келіп тамашалап, театр артістерінің өнеріне оң бағасын берген болатын.
Сондай-ақ, тарихи драманы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері де үздік қойылым қатарына жатқызды.