Белгілі тұлғалар денсаулық мекемелерінің жұмысын бақылай алады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда медициналық мекемелер жанынан бақылау кеңестері құрылады. Бұл туралы Басқарманың баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазіргі таңда қаладағы 15 денсаулық сақтау ұйымында бақылау кеңестеріне мүшелерді іріктеуге байқау жарияланды.
«Денсаулық сақтау басқармасында қызмет ететін ұйымдардың арасында бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін бірқатар жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде, бақылау кеңесін құру сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізеді деп ойлаймыз. Ал медициналық қызмет сапасының жақсарғаны - барша қазақстандықтардың жағдайының жақсарғандығын білдірсе керек. Егер азаматтардың арасында аталған ұйымдарды басқаруға араласқысы келетін тұлғалар болса кандидатурасын ұсына алады», - деді басқармадан.
Аталған кеңеске қоғамдық пікір тудыра алатын тұлғалар, экономистер, қаржыгерлер, ҮЕҰ мүшелері мүше бола алады.
Еске салайық, қалалық Денсаулық сақтау басқармасының экс басшысы Серікбол Мусинов пара алды деген күдікпен ұсталған болатын. Оған қатысты іс №2 Медеу аудандық сотында қаралып жатыр.