Белгілі заңгер Ғалирашид Баймұрзин 80 жасқа толды
АЛМАТЫ. 26 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Белгілі заңгер, профессор Ғалирашид Баймұрзин 80 жасқа толды. Белгілі ғалымның мерейтойына орай бүгін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Қылмыстық саясат: XXI ғасырдағы қылмыспен күресудің стратегиясы мен әдіс-тәсілдері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференция барысында қылмыстық саясат бойынша криминологиялық, қылмыстық-құқықтық, қылмыстық-атқарушылық, қылмыстық-тексерушілік, әкімшілік-құқықтық саясатты жетілдіру мәселелері талқыланды. Жасалған ұсыныстар ҚР Парламенті Мәжілісіне, Жоғары сот пен Бас Прокуратураға, ҚР ІІМ-нің назарына ұсынылмақ. Шара барысында бұнымен қатар Ғ.Баймұрзиннің ғылым мен құқық қорғау саласын дамытудағы еңбегі жайлы баяндамалар жасалды.
Ғ.Баймұрзин 1930 жылы дүниеге келген. 1954 жылы Ленинград университетінің құқық факультетін бітірген. 1954-1962 жылдары құқық қорғау саласында жұмыс істеген. 1995-1999 жылдары жоғры оқу орындарында қылмыстық құқық және криминология кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 80-ге жуық ғылыми жұмыстардың авторы.