Белгілі жазушы Дидахмет Әшімхан дүниеден өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін белгілі жазушы, қаламгер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Дидахмет Әшімхан 65 жасқа қараған шағында қайтыс болды, деп хабарлайды «Егемен Қазақстан» газеті.
Жазушымен қоштасу рәсімі ертең сағат 09:30-да Алматы қаласындағы Жазушылар одағының ғимаратында өтеді. Дүйсенбі күні туған жері Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданына жерленеді.
Дидахмет Әшімхан 1950 жылы 10 маусымда Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы, Жаңаүлгі ауылында туған. 1978 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолын туған өңіріндегі «Коммунизм туы» газетінде бастаған қаламгер «Лениншіл жас», «Қазақ пионері», «Қазақ әдебиеті», «Заман - Қазақстан» және «Түркістан» сынды газеттерде қызмет атқарды. «Аққабаның толқыны», «Он бірінші күз», «Каменная падь», «Жер аңсағай сары атан», «Самырсын сазы» және «Әңгіме емес әңгімелер» атты бірнеше әңгімелер мен повестер жинағының авторы. Шығармалары өзбек, қырғыз, қытай, моңғол, орыс, украин және мари тілдеріне аударылған. Сондай-ақ, жазушының өзі де өзге ұлттың белгілі қаламгерлерінің еңбектерін қазақ тіліне аударды. Жазушының қайтыс болуына орай әріптестері қайғыларын білдіруде. Дидахмет ағамен 10 жыл әріптес болған «Түркістан» газетінің қызметкері Нәзия Жоямергенқызы Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында бірер сағат бұрын: «Қонақасыдан келдік. Дидағаңның демі үзіліпті таң ата. Есеңгіретіп кеткен, тосыннан жеткен қайғылы хабар... Күні кеше ғана жайнаңдап, жайраңдап жүрген еді «Түркістанда». «Бəрі дұрыс» деген еді денсаулығын сұрағанда. Бəрі дұрыс емес екен. Ғазиз жүрегі кілт тоқтапты абзал ағамның... Шаршаған шығар, сірə... Үнемі ұлттың мəселесін қозғайтын. Ертең "Жазушылар одағынан" Алтай асады ағам. Туған топырағына. Қош, Дидаға. Алла алдыңыздан жарылқасын...», деп жазады.