Белгілі жазушы Қажыбек Төтекин өмірден озды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қытай елінен атамекеніне қоныс аударған қандасымыз, белгілі ақын, жазушы Қажыбек Төтекин өмірден озды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Қажыбек Төтекин - Қытай еліндегі қазақтар арасында жазушылық еңбегімен кеңінен танылған белгілі қаламгер.

Ол 1940 жылы 1 желтоқсанда Қытайдың Тарбағатай аймағы Толы ауданы Майлы тау баурайында дүниеге келген. Шығармашылығын 1958 жылы «Шұғыла» журналына шыққан «Ұлы жоспар» деген өлеңімен бастаған. Содан бері әдебиеттің барлық жанрында қалам тербеген.

Қажыбек Төтекиннің Қытай елінде «Дөңгеленген дүние» атты әңгіме-повестер жинағы, «Сақабаның сатиралары» эссе-әңгімелер жинағы, «Серуен сезімдер» атты жыр кітабы жарық көрген. Бұдан басқа «Жаным саған айтайын» жыр кітабы, «Бойтұмар» әңгіме-эссе кітабы, «Дарымаған қарғыс» атты өлең романы Қазақстанда жарық көрген.

Биыл «Атасы мен Едігенің қызықты хикаялары» атты балаларға арналған кітабы мен «Осы шарда мен бармын» атты жыр жинағы баспаға ұсынылған.

Қытай жерінен көшіп келген жазушының шаңырағы Алматы облысына қоныстанған.

Талантты жазушының есімі Қытайдағы мемлекеттік «Әдебиет көркемөнер саласындағы әйгілі адамдар» энциклопедиясына, «20-ғасыр Қытай жазушылары» энциклопедиясына енген. Шыңжаң жазушылар қоғамының, Қазақстан авторлар қоғамының мүшесі.


Соңғы жаңалықтар