Белгілі жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың «Қос қайың» атты әңгімелер мен повестер жинағы мемлекеттік тапсырыспен жарық көрді

Бұл кітап жазушының 17-інші жинағы. Кітаптың көлемі - 608 бет, 39-баспатабақ.
Өмір бойы ауыл өмірін, ел тарихын көп жыл бойы зерттеп, шығармаларына арқау еткен жазушы бала тәрбиесіне, адамгершілік тақырыбына баса көңіл аударған қаламгер.
Туған жеріне алтын қазық бола білген ауыл жазушы туған табиғаттың тылсым тіршілігін, аңшылықтың сырын бір кісідей зерттеп, өз елінің тарихын тасқа басып қалдырған еңбекқор жан еді.
Қысқа жазуды Антон Чехов пен Бейімбет Майлиннен үйренген Зейнел-Ғаби Иманбаев аз да болса татымды дүниелерді қағазға түсіруге дағдыланған қаламгер. Оқырманға танымдық, тәрбиелік мәні бар бұл жинақ жазушы қайтыс болғаннан кейін 24 жылдан соң жарық көріп отыр. Бұл жинақ бүгінде республика көлеміндегі кітапханаларға жеткізіліп отыр.
2114 жылы жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың туғанына 90 жыл толмақ. Осыған орай осы жинақты құрастырып, шығару жолдарын қарастырған қаламгердің қызы - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі радиожурналист Алтын Иманбаева тағы да әкесінің 3 томдық жинағын және орыс тіліне аударған аударма жинақтарын дайындау үстінде.
«Әкемнің кітабын оқығанда өзімен сырласқандай әсерде боламын», деп сырын жасырмаған Алтын Зейнел-Ғабиқызы әр ақын, жазушының артында іздеушісі болғанда ғана бағы жанатынын баса айтады.
Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, - деп Абай бабамыз жырлағандай, артына сөз қалдырған Зейнел-Ғаби Иманбаевтың шығармашылығы келер ұрпаққа асыл қазына, асыл мұра.