Белгілі журналист Елібай Жікібаев өмірден озды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр журналистикасында өзіндік орны бар, кейінгі буын қаламгерлерге ұстаз болған белгілі журналист Елібай Зұлхарнайұлы Жікібаев 60 жасында дүниеден озды, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Белгілі журналист Елібай Жікібаев өмірден озды

Елібай Зұлхарнайұлы 1956 жылы 14 қазанда Қостанай қаласында дүниеге келді. Федоров ауданындағы Чаппев колхозында орта мектепті 1973 жылы тәмамдаған. Осы жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түседі. Екінші курста оқып жүргенде әскер қатарына шақырылып, Амур облысындағы Байкал-Амур магистралінде азаматтық борышын өтейді. Әскерден соң Қостанай облысы Наурызым ауданындағы «Восход» аудандық газетінде қызмет атқарды. Сол жылдары аудандық партия комитетінде инструктор қызметінде болғанымен, кейіннен өзінің сүйікті ісі журналистикаға оралады. 1987 жылы Арқалықтағы педагогикалық институттың филология факультетіне сырттай оқуға түседі.

Елібай аға өмірінің денін журналистика саласына арнады. Облыстық радио мен аудандық, кейін Қостанай және Торғай облыстық газеттерінде жемісті еңбек етті. 1991 жылы Сыр өңіріне қоныс аударып, әріптестерімен бірге «Байқоңыр» атты газет ашып, 1993-1995 жылдары оның бас редакторы болды. Ол 1995 жылы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінде  болды. 1998 жылы қалалық «Новая Кызылорда» газетін, кейін атауы өзгерген «Контакт-К» басылымын 2006 жылға дейін басқарады.

Ол 1999 жылдан «Караван» газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі болды. 2001 жылы облыстың үздік журналисі атанды. 2011 жылдан өмірінің соңына дейін облыстық Kyzylorda-news  интернет газетінің бас редакторы болды.

Елібай аға, өмірде барынша қарапайым еді. Жаны жайсаң, айналасындағы адамдарға қашан да мейірін төгіп жүретін. Кішіге қамқор болып, білгенін үйретуден жалықпайтын. Осы қазан айында 60 жасқа толғанда Сыр бойы журналистері алғаусыз көңілдің ақ тілектерін жаудырып еді. Абзал аға, аяулы әріптестің бейнесі оны құрмет тұтқан барлық жанның жүрегінде мәңгі сақталады.