Белгісіз адам Мәскеу метросының вагонында оқ жаудырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Белгісіз адам мәскеу метросының Калуга-Рига желісіндегі «Профсоюзная» стансасында жолаушыны тапаншамен жарақаттады, деп хабарлады ресейлік ақпараттық агенттіктер Ресей ІІМ Мәскеу қаласы бойынша бас басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқ травматикалық қарудан атылған сыңайлы.
Оның алдында атқыш зардап шегушімен сөзге келген.
Куәгерлердің айтуынша, зардап шегушіінің басына екі оқ тиген.
Шабуыл жасаған адам «Калужская» стансасында вагоннан шығып, оқиға орнынан із суытқан, қазір оны іздеп жатыр. Полиция оған қатысты өлтіруге қастандық жасау қылмысымен іс қозғады. Бұл бап бойынша, ер адам 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Зардап шеккен адам ауруханаға жеткізілді, оған дәрігерлік көмек көрсетілуде.
Бұл соңғы күндерде мәскеу метросында қару қолдану арқылы болған екінші оқиға. 5 сәуірде «Таганская» стансасында екі ер адам сөзге келіп, олардың бірі екіншісіне дене жарақатын салған болатын. Күдікті көп кешікпей ұсталды.