Бельгиялықтар королі премьер-министрдің отставкасын қабылдаудан бас тартты
АСТАНА. KAZINFORM — Бельгиялықтар королі Филипп премьер-министр Барт Де Вевердің отставкасын қабылдаудан бас тартып, оған бюджет бойынша келіссөздерді дереу қайта бастауды тапсырды. Бұл туралы Бельгия Корольдік сарайы хабарлады.
Король сарайының мәліметінше, монарх мұндай шешімді билеуші коалициядағы бес партияның («Аризона») жетекшілерімен кеңескеннен кейін қабылдаған. Олар өзара ымыраға келуге дайын екенін білдіріп, 2029 жылға дейінгі бюджет жоспарын әзірлеуді тезірек аяқтауға ниетті екенін жеткізген.
— Король Премьер-министрдің отставкасын қабылдамай, оған бюджет жөніндегі келіссөздерді дереу қайта бастауды тапсырды, — делінген ресми мәлімдемеде. Барт Де Вевер келіссөздердің барысы туралы 16 қарашада есеп береді.
Премьер-министр 2 қарашада коалицияның түні бойы жүргізген келіссөздері нәтижесіз аяқталған соң отставкаға кету туралы өтініш берген. Тараптар онда 2029 жылға дейін бюджет тапшылығын қысқарту үшін 10 млрд еуро үнемдеу жолдарын қарастырған. Алайда салық жүктемесі мен шығыстарды қысқарту мәселесінде партиялар ортақ келісімге келе алмады.
Король Филипп бұған дейін геосаяси тұрақсыздық пен экономикалық ахуалдың күрделенуіне байланысты ел ұзаққа созылған саяси дағдарысқа жол бере алмайтынын айтқан еді. Отставканы қабылдамау коалицияға ымыраға келу үшін қосымша уақыт беріп, мерзімінен бұрын сайлау өткізуге жол бермейді.
Бұған дейін Парагвай президентінің банк дағдарысы мен жаппай наразылықтан кейін отставкаға кеткені хабарланған болатын.