Бельгияның 600 жылдық тарихы бар университеті Қазақстанда «Сирек металдарды байыту» орталығын ашады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан бельгиялық ғалымдармен бірлесіп, сирек және маңызды минералдарды өңдеп, олардан жоғары қосылған құны бар дайын өнім өндіруді көздеп отыр. Осы мақсатта Бельгияның KU Leuven университетімен бірлескен ғылыми-зерттеу орталығын құру мәселесі талқыланып жатыр.

Бельгияның 600 жылдық тарихы бар университеті
Фото: Kazinform

Бұл туралы Қазақстан мен Бельгияның маңызды минералдарға арналған семинары кулуарында Назарбаев Университетінің профессоры, Энергетика саласындағы жаңа материалдар мен технологиялар институтының бас директоры Жұмабай Бәкенов мәлімдеді.

Семинар қорытындысын 13 қазанда Бельгия королі Филипп пен королева Матильдаға арналған дөңгелек үстелде таныстыру жоспарланған.

Профессордың айтуынша, Қазақстанда пайдалы қазбаларды өңдеу технологиялары болғанымен, олардың бірқатары ескірген. Ал Бельгияның KU Leuven университеті кен байыту, гидрометаллургия және пирометаллургия бағыттарындағы зерттеулерімен танымал. Бұл салаларда тәжірибелі ғалымдар жұмыс істейді.

– Қазақстан мен Бельгияның, әсіресе KU Leuven университеті арқылы ынтымақтастығының әлеуеті зор. Біздің мақсаттарымыздың бірі – Қазақстанда маңызды минералдарды зерттеу және өңдеу бойынша бірлескен орталықтар құру, – деді Жұмабай Бәкенов.

Мұндай орталықтарда екі елдің мамандары маңызды минералдарды өндіру, байыту және өңдеу технологияларын бірлесіп әзірлей алады. Сонымен қатар қазақстандық студенттердің Бельгияда білім алуына және қос диплом бағдарламаларына қатысуына мүмкіндік жасау жоспарланып отыр.

– Қазақстандық және бельгиялық студенттердің екі университетте қатар білім алып, қос диплом алу бағдарламаларын талқылағымыз келеді. Ғылыми зерттеулер мен бірлескен орталықтарды құру жұмысын жеделдетуге ниеттіміз. Бельгиялық әріптестер дайын болса, келісімдерге қол қойып, орталықтар ашуға және оларды бірлесіп қаржыландыруға әзірміз, – деді профессор.

Қазақстанның мақсаты – минералдарды тек өндіріп, шикізат күйінде сатумен шектелмей, оларды ел ішінде толық өңдеп, дайын өнім шығару. Атап айтқанда, отандық шикізат негізінде асқын өткізгіштер, жартылай өткізгіштер, катализаторлар мен магниттер өндіру мүмкіндіктері қарастырылып отыр.

Айта кетейік, Қазақстан қазірдің өзінде Бельгияға молибден кендері мен титан экспорттайды.

Бұған дейін Бельгиялықтар Королі Филипп Қазақстанның бай тарихымен және мәдениетімен жақын танысуға ниетті екенін айтқан еді.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Бельгия арасында шешілмеген мәселе жоқ екенін мәлімдеді.