Белград пен Астана өз аймағында маңызды орталыққа айналып келеді – Весна Видович
«Екі ел арасында шешілмеген мәселелер жоқ. Біз жоғары деңгейдегі саяси диалогты одан әрі ілгерілетіп, екіжақты ынтымақтастықты, әсіресе сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға мүдделіміз. Қазақстанның біздің елдің аумақтық тұтастығын, халықаралық құқығын қолдауын жоғары бағалаймыз. 2016 жылы Астана мен Белград арасында ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды. Содан бері көптеген сала бойынша ынтымақтастық қарқын алып келеді. Астанада біздің атақты ғалым Никол Тесланың көшесі бар. Ал Белградта ұлы ақын Жамбыл Жабаевқа ескерткіш орнатылды. Сербия Республикасының «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде өз павильоны болды. Ал Белград 2027 жылы мамандандырылған көрменің қожайыны болады. Осы орайда сіздер ұйымдастыру тәжірибесімен бөлісесіздер деп сенеміз. Өз кезегімізде сіздерді Белградта кездесуде асыға күтеміз», - деді Весна Видович елордада өтіп жатқан Астананың бауырлас қалалар форумында.
Шетелдік мейманның айтуынша, Белград пен Астана соңғы жылдары экономикалық жағынан қарқынды өсіп, жедел дамып жатыр.
«Біздің қалалар өз аймағындағы маңызды орталыққа айналып келеді. Соңғы жылдары екі қала да өркендеу мен модернизацияның символына айналды. Алдағы уақытта ынтымақтастығымыз одан әрі ілгерілей түсінетініне сенімдімін. Бүгінгі форум тәжірибе алмасуға және қалаларды жақсарту үшін жаңа идеялар мен модельдерді енгізуде оң ықпал етеді. Сонымен қатар жеке байланыстар мен жақсы қарым-қатынастар орнатуға көмектеседі. Өйткені қалаларды ең алдымен адамдар салады. Астана қаласының 25 жылдығымен құттықтаймын. Президентке, әкімге, сондай-ақ барлық қазақстандыққа бақыт пен табысты жұмыс тілеймін», - деп толықтырды Белградтың вице-мэрі.