Белградта қазақстандық таеквондошылар 2 «алтын» жеңіп алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сербияның Белград қаласында өткен таеквондодан халықаралық турнирде Қазақстан спортшылары екі алтын, бір қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Белградта қазақстандық таеквондошылар 2 «алтын» жеңіп алды

ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметі хабарлауынша, екі алтының бірін Азия ойындарының күміс жүлдегері 73 келіде ел намысын қорғап жүрген отандасымыз Жансель Дениз жеңіп алса, екіншісін Азиаданың қола жүлдегері 53 келідегі  бақ сынайтын спортшымыз Фариза Алдоңғарова қанжығасына байлады. Ал қола медальға 58 келідегі Айтуар Шайкенов ие болды.

Еске сала кетейік, аталған рейтингілік турнирден соң Жансель Дениз 108 ұпаймен әлемдік рейтингте 25-ші орында тұр. Бұл көрсеткіш Гран-при турнирінің финалына қатысуға жеткіліксіз.

Қазақстан командасы сапынан желтоқсанда өтетін финалдық Гран-при додасына Смайыл Дүйсебай ғана қатыса алады. Ол үздік 16 спортшының тізіміне енген.