Белоруссия, Қазақстан мен Ресейде КО пен БЭК-ті қоғамдық қолдаудың жоғары деңгейі сақталып келеді

САНКТ-ПЕТЕРБОР. 13 қаңтар. ҚазАқпарат - Белоруссия. Қазақстан мен Ресейде Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістікті қоғамдық қолдаудың жоғары деңгейі сақталуда - сәйкесінше ол 65, 73 және 67 пайызды құрайды.

Белоруссия, Қазақстан мен Ресейде КО пен БЭК-ті қоғамдық қолдаудың жоғары деңгейі сақталып келеді

ТМД атқару комитетінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, түрлі еуразиялық интеграция аспектілері бойынша ТМД елдері аймағының халқы қолдау білдірген. Бұл зерттеуді Еуразиялық даму банкі халықаралық «Еуразиялық монитор» зерттеу агенттігімен бірлесіп жүргізді.

Жоба аясында ТМД аймағының 12 елінің тұрғындарынан еуразиялық интеграция мен кооперациялардың экономикалық, саяси және әлеуметтік-мәдени аспектілеріне байланысты қоғамдық пікірін анықтау мақсатымен жыл сайын сауалнама жүргізіледі. Зерттеу барысында ТМД-ның 11 елі мен Грузиядан 14 мың азаматтан сауалнама алынды (әр елден 1-ден 2000 адамға дейін).

Сонымен бірге, 2012 жылмен салыстырғанда зерттеу Қазақстанда КО пен БЭК-ті қолдау деңгейі 7 пайызға, ал Ресейде 5 пайызға төмендегенін көрсетті. «Ал Белоруссияда халықтың өз елінің КО пен БЭК-ке қатысуын мақұлдауы 60-тан 65 пайызға дейін көтерілген», - делінген ТМД атқару комитетінің ақпаратында.